Қазақстандағы барлық дерлік аса ауыр қылмыстарды алқабилер соты қарай бастайды

ҚР Парламенті сенатының жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкеновтің мәлімдеуінше, еліміздегі алқабилер соты 2007 жылғы 1 қаңтарда енгізілді әрі 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Бұл – біздің сот жүйесін дамыту бағытында өте маңызды шара. Алқабилер соты қылмыстық процесстің негізгі қағидаттарын, тараптардың теңдігін, кінәсіздік презумциясын және басқа да қағидаттарды бекітуде маңызды рөл атқарады. Қазір алқабилер соты қараған істер бойынша 10 пайызына дейін ақтау үкімін шығарады. Ал жалпы соттардың бұл көрсеткіші 1,5-2 пайыз ғана. Алқабилердің қарауына жататын істер бойынша сотқа дейінгі тергеудің сапасы әлдеқайда жоғары.Әбдірашид Жүкенов

Оның айтуынша, тараптар сот талқылауында өте жоғары белсенділік білдіреді. 2007-2009 жылдар аралығында алқабилер өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған қылмыстар бойынша істерді қарады. Осы кезеңде алқабилер қатысқан істердің саны жылына шамамен 50 іс болды. 

"2010-2012 жылдар аралығында алқабилер қарайтын әстер санаты бүкіл аса ауыр қылмыстарға кеңейтілді. Бұл қадам алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің он есеге өсуіне әкелді. Істердің саны жылына 300-ден асты. 2013 жылы алқабилердің құзыреті қайта азайтылды, олардың ұарауына тек өлім жазасы мен өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы істерді қарау қалдырылды. Мұндай өзгеріс алқабилер қатысатын істердің күрт төмендеуіне келді: жылына шамамен 50-60 іске түсті.Әбдірашид Жүкенов

Келесі жылдан бастап алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың 31құрамы қарала бастайды.

"Бұл заң жобасы алқабилердің соттылығын кеңейтуді және 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап оларға тағы 13 ауыр қылмыс құрамын беру ұсынылып отыр.Әбдірашид Жүкенов

Атап айтсақ, олар адамның дене мүшелерін заңсыз алу, азаптау, рейдерлік әрекеттер, медициналық қызметкердің әрекетінен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соқтыру, ауыр салдарға әкелген балық пен басқа да су жануарларын заңсыз аулау, ауыр салдарға әкелген заңсыз аң аулау, көлік құралын басқарғанда абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы, көлік құралын мас күйде басқарып, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы, көлік құралын басқару құқығынан айырылған жағдайда және мас күйде көлік басқарғанда адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы.

Жалпы алғанда алқабилер сотының соттылығына 44 құрам жатады. Алқабилер сотының соттылығын кеңейте сот жүйесін демократизациялауға ықпал етеді және қоғам тарапынан сотқа деген сенімді едәуір арттырады.

Қарау нәтижесінде депутаттар түзетулерді қолдады. Осылайша, заң қабылданды деп есептеліп, мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: