Полицейлер тұсау кесіп, арқан тартты

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері ырыс пен ынтымақтың басы болған Наурыз мерекесін сән-салтанатпен  қарсы алды. Мерекелік іс-шара «Қош келдің, Әз Наурыз» атты театрландырылған көрініспен өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ұлттық нақышта тамаша безендірілген киіз үй макеттері мен онда койылған халқымыздың тұрмыста қолданатын заттары  шараның шырайын кіргізді. Түрлі дәмге толы дастархан, наурыз-көже, ет пен қымыз, құрт пен ірімшік қазақтың қонақжайлығын дәріптеді.

Күнделікті қызметте полицей формасын ғана киетін сақшылар бүгін барлығы ұлттық киіммен келді.

Ұлыстың ұлы күнінде сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға бақыт тілеймін. Сондай-ақ ол жаңару мен жаңғыру жолын таңдаған еліміздің іргесі бүтін, еңсесі биік, бірлігі бекем болсын! Көліктегі ПД-нің бастығы Оңал Бекеев

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдегендей, мереке барысында департаменттің аппарат қызметтері ұлтымыздың салт-дәстүрлерінен көрініс көрсету бойынша «Ынтымақ» «Достық» және «Береке» ауылдары болып үш топқа бөлініп, өзара сайысқа түсті.

Сурет: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі

Әділқазылар алқасының шешімімен «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Беташар», «Бата беру» сынды халқымыздың тамаша жоралғыларын нақышына келтіре насихаттай білген қызметкерлер  жеңімпаз атанды.

Бұған қоса, «Ең үздік қазақ үй», «Ең үздік ұлттық киім», «Ең үздік көрсетілім» және «Ең үздік дастархан» номинациялары бойынша да сайыс тартысты өтіп, үздіктер анықталды.

Тұсау кесу рәсімі департамент бастығы Оңал Бекеевке ұсынылды. Полиция генерал-майоры Бірханым есімді сәбидің тұсауын кесіп, оған «өмірі шуақты болсын, тағдыр жолында сүрінбей алға ұмтылсын», – деп ақ батасын берді.

Сурет: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі

Мерекелік шара шеңберінде ән айтылып, күйден шашу шашылды. Тойдың сәнін ұлттық ойындар аша түсті. Соның ішінде «қол күресі», «арқан тарту», «кір көтеру»» сайыстары басталғанда сақшылардың делебесі қозып, мерекенің көркін қыздырды. Барлық басқарма қызметкерлері топ-топқа бөлініп арқан тартысып, балаша асық ойнап мәз-мейрам болысты. Ұттық тағамдарға толы қазақы дастарханнан келген қонақтар дәм татып, наурыз көже ішті.

Берекелі де мерекелі осынау шараның ең басты қонақтары көліктегі ішкі істер органдарының ардагерлер болды. Олар да бір-бірімен әңгімелесіп, өздерінен кейінгі буынға ақ тілектерін жеткізді. Елдік пен жасампаздықтың белгісіндей болған  бұл күнді тәртіп сақшылары берекенің бастауы деп, ерекше ұлықтап жатты.   Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі
Қазақстан Қызықты
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: