9 қазанда сағат 12:30 шамасында Петропавлдағы “102” байланыс желісіне қала тұрғынынан қоңырау келіп түсті. Ол Караванная көшесінде қайда барарын білмей, абдыраған қарт әйел өз көлігіне келіп отырғанын хабарлады. Оқиға орнына жақын маңдағы патрульдік полиция батальонының экипажы - тәртіп сақшылары Өмірсерік Оразғали мен Данияр Өтегенов жіберілді. Белгілі болғандай, 70 жастағы әйелдің есте сақтау қабілеті төмендеген. Жеке құжаттарын тексеру кезінде ол кісінің тіркеуі елордада екені анықталды. Петропавлға не себептен келгенін айтып түсіндіре алмады. Полиция қызметкерлері мәселенің анық-қанығына жету үшін патрульдік көлікте зейнеткердің телефонын токқа қосып, оған келіп түскен соңғы нөмірлерге қоңырау шалды. Анықталғандай, әжей Қызылжар ауданындағы туысқандарына келген. Алайда, көп ұзамай ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Бұл уақытта аудан орталығында оны іздей бастаған. Қуанышқа орай, 1,5 сағаттан кейін әженің абыржыған сіңлісі Петропавлға келіп, жоғалған әпкесін құшақтай алды.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиға орнына бірінші болып келіп, алынған ақпаратты тексереді, кейде күтпеген жағдайларға тап болады. Олар қызметтерін атқарған кезде құқықтық тәртіпті сақтауды және адамдарға көмек көрсетуді басшылыққа алады, — дейді Петропавл қалалық ПБ ППБ командирі Қанат Әлімжанов.
Полицейлер есте сақтау қабілеті төмендеген адамдардың туыстарына, жақындарының қолына әрдайым қуатталған ұялы телефон ұстатуға кеңес береді. Сондай-ақ, жоғалған адамның жеке басын және туыстарын тез анықтау үшін байланыс деректері бар жазбаны қалталарына салып қойған жөн.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан облыс полициясына із-түзсіз жоғалғандарға қатысты 402 өтініш келіп түскен. Бүгінгі күні 396 адам табылды.