Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, делінген Ақорда сайтында.
Заңға сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2022 жылы 4 030 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл қаражат елдің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге жұмсалады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Оған сәйкес, халықтың табысын арттыру бағдарламасы бойынша Кешенді жоспарды іске асыру үшін 197 млрд теңге бөлінеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге қарастырылады. Экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі де ұлғаяды. Осы шаралардың бәрі экономикамызды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл- ауқатын арттыруға жол ашады деп күтіледі.