Тоқаев елден заңсыз шығарылған активтерді кері қайтару туралы Жарлыққа қол қойды

26 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстан Республикасына қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару мақсатында заң жобасын әзірлеуді бұйырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жарлық мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.

"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабына сәйкес, елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстан Республикасына қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді (бұдан әрі – заңсыз шығарылған активтер) анықтау және оларды мемлекетке қайтару мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен), Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігімен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамымен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылғы 31 наурызға дейін:

  1. заңмен реттелетін құқық қатынастарының субъектілерін анықтауға;

  2. заңсыз шығарылған активтердің шығу тегін ашу, растау және оларды қайтару тетіктерін регламенттеуге;

  3. заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге;

  4. заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыруға;

  5. активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен шарттарды жоюға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауға;

  6. өкілеттіктерін айқындай отырып, заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органды құруға;

  7. келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін басқаратын арнаулы мемлекеттік қорды құруға бағытталған Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлесін және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы:

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: