Тоқаевқа Қарашығанақты кеңейту жобасы таныстырылды

Президент Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсат кен орындарының бірін игеріп жатқан "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В" консорциумының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қарашығанақты кеңейту жобасы таныстырылды.

"Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В" бас директоры Джанкарло Руюдың айтуынша, Қарашығанақты кеңейту жобасының 2021-2024 жылдарға жоспарланған алғашқы кезеңінде 5-ші газды қайта айдау компрессоры мен басқа да өндіріс нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Жобаның бұл кезеңінде 970 миллион доллар инвестиция құйылып, 3500-ге жуық адам жұмысқа тартылады. Ал жобаның 2023-2026 жылдарға жоспарланған келесі кезеңінде 6-шы газды кері айдау компрессорының құрылысы жүргізіледі. Бұл кезеңде 735 миллион доллар қаржы жұмсалып, 1300 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жалпы, Қарашығанақты кеңейту жобасы сұйық көмірсутегін өндіру деңгейін 46 миллион тоннаға дейін ұлғайтып, Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасының серіктестеріне қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ консорциум серіктестері қазір Энергетика министрлігімен бірлесіп, жаңа газ өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатыр. Егер газды кешенді түрде өңдейтін зауыт салынса, жылына 4 миллиард текше метрге дейін газ және 0,5-0,6 миллион тонна пропан-бутан фракциясын өндіріп, еліміздің энергетикалық әлеуетін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік туады.

Мемлекет басшысы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы өте маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Қарашығанақ кен орнының еліміздегі мұнай-газ индустриясын өркендетудегі және әлеуметтік-экономикалық саласын дамытудағы үлесі зор екеніне назар аударды.

1997 жылы Өнімді бөлісу туралы түпкілікті келісімге қол қойылғалы бері инвесторлар Қарашығанақ кен орнын игеруге 30 миллиард долларға жуық қаржы құйған.


Сурет: akorda.kz


Өңірдегі ең ірі кәсіпорын саналатын "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В" 3,8 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ал консорциумға түрлі қызмет көрсетіп, өнім жеткізетін 142 мердігер мекемеде 20 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жоба жүзеге асырыла басталғалы бері ҚПО ел экономикасына 57,4 миллиард доллар көлемінде табыс әкелді. Оның ішінде 45,9 миллиард доллар бюджетке салықтар, төлемдер және өнімдегі үлес есебінен түсті.

Жалпы, "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В" 1998 жылдан бері өңірдегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларға 754,5 миллион доллар бөлген.  Бұл қаржыға Батыс Қазақстан облысы бойынша 16 аурухана мен емхана, 3 дене шынықтыру-спорт кешені, 34 мектеп пен балабақша, театрлар және мәдени орталықтар және басқа да инфрақұрылымдар салынған.

Орал Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: