Айыптаушы тарап соттан Мұхамедиұлына 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

ҚР Ұлттық музейінің бұрынғы директоры әрі экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша айыптаушы тарап шендіні 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша тараптардың жарыссөздері басталды.

Прокурор Еркеғали Закиров айыптау қорытындысын жариялап, Арыстанбек Мұхамедиұлын ҚР ҚК-ның 28-бабы 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру) және 189-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлау және иемдену) бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Аталған баптар бойынша мемлекеттік айыптаушы Арыстанбек Мұхамедиұлына мүлкін тәркілеусіз 9 жыл бас бостандығынан айыруды, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруды ұсынды.

Тағы үш сотталушы – Алмаз Нұразхан, Азамат Көшенов және Айым Сәдуақасованы да прокурор кінәлі деп тануды және олардың әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Астанадағы Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша негізгі сот талқысы 17 сәуірде басталған болатын. Адвокаттың Мұхамедиұлының бұлтартпау шарасын үй қамағына өзгерту туралы өтінішін сот қанағаттандырмады.

Ұлттық музейдің бұрынғы директоры "Алтын адам шеруі" көрмесін өткізу кезінде орынбасары Алмаз Нұразханның және тағы екі айыпталушы - Азамат Көшенов пен Айым Сәдуақасованың қолдауымен 221 млн 411 мың 730 теңге сомасында ақша ұрлады деп айыпталады. 

5 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты Антикор қызметкерлеріне жала жабу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға ниетті екендіктерін мәлімдеді.

Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: