ҰБТ кезіндегі бұзушылықтарды тексеруге Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласады

22 тамызда Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ҰҚК-мен бірлесіп ҰБТ кезінде жүздеген заңбұзушылықты анықтағанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Саясат Нұрбек тест тапсырмалары мен олардың мазмұны "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңның объектілеріне жататындықтан, ҰҚК-мен тығыз ынтымақтастықта екенін айтты.

"Биыл барлық өңірде ҰҚК тікелей бақылау жүргізді. Біздің Ұлттық тестілеу орталығының өкілдерімен жұмыс істеді. Бірнеше жүздеген заң бұзушылық анықталды, нақты саны әлі де анықталып жатыр. Осы жағдайлардың әрқайсы бойынша қосымша тергеу жүргізіледі. ҰҚК және Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері бірлесе отырып жұмыс істейді. Ақпарат расталған жағдайда ұпайлар жойылады, егер грант алған болса, олар да жойылып, әрі қарай қайта бөлінеді", - деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, тергеу жүріп жатқан сайын ақпарат та жаңарып жатыр.

"Қыркүйек айында нақтыланады. Демек ең жоғары балл жинаған, бірақ грант алмаған талапкерлер арасында грант қайта бөлінеді. Осы тексерудің қорытындысы бойынша Ұлттық тестілеу орталығы ресми мәлімдеме жасайды. Біз барлық жұмысты қыркүйек айының ортасында аяқтаймыз. Гранттар жоғалмайды, қайта бөлінеді", - деп түйіндеді министр.

30 маусым күні 365 адам құйтұрқы әрекеті кесірінен ҰБТ тапсыру құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: