Шекара заставасының сержантына күш қолдану арқылы қорқыту-үркіту, билігін асыра пайдалану сынды айыптар тағылған. Сондай-ақ оған әскери қызметшіні өзін өлтіруге дейін жеткізді деген де кінә артылған.
Сот сержант Н-ның шекара заставасында келісімшарт бойынша мобильді топтың басшысы ретінде қызмет атқарғанын анықтады.
"2022 жылы тамызда ол әскери қызметшілер Қарулы Күш жарғысын бұзып, нарядтағы бекеттерді өз еркімен ауыстырғанын анықтады. Н. осы артықшылықты пайдаланып, жәбірленуші Қ-дан ақша бопсалап, салдарынан соңғысы аталған соманы сотталушының банк шотына аударған", делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ Н. шекара заставасының аумағында алкоголь ішкен жәбірленуші Б, К, А-ны көріп, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, оларға дене жарақатын салған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелерді қарап тексерумен, оның ішінде банктік шоттан үзінді көшірмемен, шекара заставасынан алынған бейнежазбамен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденгені нақтыланады.
Сонымен қатар сотта оның әскери қызметші Б-ның өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі расталмады.
Н. қарамағындағы Б-ға жүйелі және негізсіз талап қойды, оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлады деп айыпталды.
"Алайда, сот белгілегендей, сотталушы застава аумағында небәрі 8 күн болған, оның ішінде жәбірленушімен бірнеше рет ғана кездескен және мұндай қысқа мерзімде суицид үшін жағымсыз жағдай туғыза алмады. Дәлелдемелер сотталушының бұл әрекетке қатысы барын жоққа шығарды", делінген хабарламада.
Сот үкімімен Н. ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 451-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, 2022 жылы 19 тамызда атыраулық әскери қызметші Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүрген жерінде өз-өзіне қол жұмсады. Бекбол Мираш –Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы. Болған оқиға туралы қоғам белсендісі Бибігүл Рамазан мәселе көтерді. 18 жастағы Бекбол 2022 жылы көктемде әскерге алынған. Оны Жамбыл облысына бағыттаған. Бастапқы болжам бойынша жігіт қыз үшін өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екені айтылды. Алайда кейіннен қыз бұл болжамды жоққа шығарды.
Сарбаз өлімінен кейін бес адам қызметінен босатылды.