Сот процесінде автобус тиесілі көлік компаниясы - "ДуманТрансКомның" өкілінен жауап алынды. Алдымен ол 47 бағдардағы автобустың зардап шеккен жүргізушісі туралы айтты.
"Ермек Шөкебаева 2023 жылдың қараша айынан бастап бізде автобус жүргізушісі болып жұмыс істейді. Яғни, жол апатына дейін бізде екі ай ғана жұмыс істеген. Әрине, оны жұмысқа қабылдау кезінде түйіндемесі зерделеніп, оның білігі мен тәжірибесі ескерілді. Жұмысы барысында оған бұған дейін ешқандай шағым түспеген", - деді ол.
Ер адам жол апаты болғанын қалай білгенін айтты.
"Мен болған жағдайды жаңалықтан білдім. Жүргізушіге қоңырау шалып едім, бірақ телефон тұтқасын бейтаныс жас жігіт көтерді. Ол аяғымды сындырып алған сияқтымын деді. Не болғанын білгім келіп, ары қарай қазбалап сұрай бастап едім, ол телефон тұтқасын тастай салды. Тағы да қоңырау шалдым, бірақ ол жолы ешкім жауап бермеді. Содан кейін мен оқиға орнына барып, қорқынышты жайттың куәсі болдым. Біздің автобус пен басқа да көліктердің апатқа ұшырағанын, қан болып жерде адамдардың жатқанын, әртүрлі қызметтің қызметкерлері жүргенін көрдім", - деді "ДуманТрансКом" өкілі.
Зардап шеккендер автобус паркі қызметкерінен автобуста неліктен жүргізушілердің қауіпсіздігіне арналған кабинка жоқтығын сұрады.
"Біз осындай автобус сатып алдық. Көлікті қайта жабдықтауға заңнама бойынша рұқсат етілмейді. Біз, тіпті қосымша орындықтар да қоя алмаймыз. Бұл - жаңа микроавтобустар, біз оларды 2023 жылдың тамызында сатып алдық. Олар арзан емес, яғни ақша үнемдеу үшін сатып алынбаған. Олар барлық талапқа сай келеді. Егер бізге жүргізуші кабиналарын қоюға рұқсат етілсе, біз оларды қоямыз. Автобус рейске шыққан кезде оның ешқандай ақауы болмаған. Жүргізуші де таңертең тексеруден өткен, бәрі жақсы болған", - деп түсіндірді жағдайды "ДуманТрансКом" көлік компаниясының өкілі.
Оның айтуынша, автобуста бес камера бар, олар бүкіл салонды қамтиды. Олардың барлығы оқиға болған күні жұмыс істеп тұрған, жол-көлік оқиғасын да тіркеген.
Қазір автобус айыппұл тұрағында тұр.
2023 жылы 22 желтоқсанда кешке Алматыдағы Райымбек даңғылында автобус апатқа ұшырады. №47 бағдардағы жолаушылар автобусы қоғамдық көлік аялдамасында келіп қойып кетті. Үш адам қаза тауып, тағы төртеуі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.