Шараға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары полиция департаменттері мен батыс өңірлік көлік полициясының 300-ге жуық қызметкері және 28 техникасы, оның ішінде бес жүзу құралы, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды.
"10 күн ішінде 72 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 10 заңсыз өндіру фактісі, екі сатып алу немесе өткізу факісі, бір балық және балық өнімдерін тасымалдау фактісі бар. 12 қылмыстық іс қозғалды. 60 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, екі млн теңгеден астам сомаға айыппұл өндірілді", – деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Төлеубай Мұхамадиев.
Сондай-ақ құқық бұзушылардан 1,5 тоннаға жуық балық, оның ішінде 48 келі бекіре балығы және 3,5 келі уылдырық тәркіленді.
"Мысалы, Ақтауда автокөлік тоқтатылып, салоннан екі пластик шелекте тиісті құжаттары жоқ, салмағы бір килограмм бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы табылды. Одан бөлек, Каспий теңізінің жағасында моторлы қайықтан тоғыз дана көксерке балығы және екі дана бекіре балығы табылып, тәркіленді. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда", - деді аға инспектор.