Алаяқтардан сақ болыңыз: желіде "Халық заңгері" акциясы туралы фейк хабарлама пайда болды

Әлдекімдер әлеуметтік желіде "Халық заңгері" республикалық акциясын ұйымдастырушылардың атынан жалған видео таратып, қазақстандықтарды өздеріне жеке деректерін жолдауды және "қызмет" ақысын төлеуді сұрауда, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлеуметтік желіде жасанды интеллект құралдары көмегімен "ЮрИнфо" компаниясы" ЖШС-ның Бас директоры Михаил Коломиннің бейнесі мен фейк дауыстық хабарламасы әзірленген видео ролик тарауда. Сұқбат беру кезіндегі кадрларды заманауи технологияларды пайдалана отырып, әлдекімдер "Халық заңгері" акциясын ұйымдастырушы адамға төмендегі сілтемені басу арқылы қазақстандықтардың мамандарға онлайн жағдайда өз сұрақтарын қоюға болатынын айтқызып қойған. Шын мәнінде, аталған сілтемеге өткеннен кейін азаматтарға алаяқтардың "байланыс орталығының операторлары" жеке мәліметтерді ұсынуды талап етіп, заңгерлік кеңеске ақы төлеуді сұрайды.

Акцияны ұйымдастырушы, "ЮрИнфо" компаниясы" ЖШС-ның Бас директоры Михаил Коломин телефон арқылы "Халық заңгері" ешқандай онлайн-кеңес бермейтінін мәлімдеді.

"Халық заңгері" республикалық акциясы аясындағы барлық консультациялар офлайн әрі тегін көрсетіледі. Бұл біздің азаматтық қоғамды дамытуға, заң бойынша көмек көрсетуге және қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға қосқан үлесіміз болады. Сіздерден аса қырағылық танытып, алаяқтарға ешқандай жеке деректеріңізді бермеулеріңізді, әсіресе оларға ақша аударымдарын жасамауларыңызды сұраймын", - дейді Михаил Коломин.

"Халық заңгері" акциясын ұйымдастырушылар құқық қорғау органдарына арыз түсірді. Сенгіш азаматтарды алдауға және республикалық акцияның беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге қатысы бар барлық адам анықталып, жазаланады.

Сурет: prg.kz

Келесі "Халық заңгері" республикалық акциясы 2024 жылдың 30 мамырында бүкіл еліміз бойынша өтеді. Ресми хабарландыру Zakon.kz  сайтына орналастырылады әрі іс-шараның арнайы сайтында акция өткізілетін барлық орынның мекенжайлары көрсетіледі.

Жоғары білікті заңгерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері еліміздің қалалары мен ауылдарында халықты қабылдайтын болады және офлайн режимде тегін құқықтық кеңес береді.

Сурет: prg.kz

"Халық заңгері" акциясына белгілі адвокаттар, нотариустар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, Антикор, Әділет, салық органдары, жылжымайтын мүлікті тіркеу басқармасы қызметкерлері және тағы басқалар қатысады.

Сурет: prg.kz

2016-2023 жылдары акцияға 8 мыңнан астам сарапшылар мен шешім қабылдаушы тұлғалар деңгейіндегі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 165 мыңнан астам адам қажетті кеңес ала алды.

Қазақстан Алаяқтардан сақ болыңыз Халық заңгері
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: