Сот материалдарында келтірілген дерекке сүйенсек, жұбайы досымен алкоголь ішімдікке бас қояды, бір сәтте оған пешті жөндеп жүрген жұмысшы әйелінің қолын ұстаған секілді көрінеді. Кеудесін қызғаныш кернеген ол жұмысшыны бірден соққыға жыққан. Бірақ оған бұл аз көрінеді. Сөйтіп әйелінен де өш алмақ болады. Күйеуі мен оның досы әйелді кісі аяғы баспайтын қараңғы бір жерге алып барады. Сол арада оны қол арамен қорқытып, бірнеше сағат бойы зорлайды, деп хабарлайды Otyrar.tv.
Зорлық, қорлық, үркіту-қорқыту құрбаны көп ұзамай полицияға жүгінді.
Сотталушылар өздерінің мас болғанын айтып, ақталды.
"Сотта сотталушылар өздерінің не істеп, не қойғандарын білмегенін, удай мас болғандарын айтып, кінәларын ішінара мойындады. Әйел айыпталушыларды кешірмеді. Бас зорлық жасаушы ретінде әйелдің күйеуіне 10 жыл жаза кесілді. Ал оның досы темір тордың ар жағында 9 жыл 6 айын өткізетін болады", — деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев .