Қазақстанда босқын мәртебесін беру ережелері өзгерді

Үкімет 2024 жылғы 7 тамыздағы қаулысымен босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату ережелеріне өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Түзетулермен босқын деп тану туралы шешімді жергілікті атқарушы орган шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тапсыратыны көзделген.

Бұл ретте егер адам босқын деп тану туралы шешімнің көшірмесін оған жібергеннен кейін үш ай ішінде босқын куәлігін алу үшін жергілікті атқарушы органға келмесе және осы адамның өзі көрсеткен мекенжай бойынша келмейтіні туралы хабарлама келіп түссе немесе осы адамның Қазақстаннан тыс жерге кетуі туралы ақпарат не оның босқын екенін растайтын басқа да анық ақпарат алынса жергілікті атқарушы орган босқын мәртебесін беру туралы шешімінің күшін жояды.

Босқын ҚР аумағында болған жерін ауыстырған кезде оның жеке ісінің материалдары босқынды есепке қоюдың жаңа орны бойынша жергілікті атқарушы органға жіберіледі.

Егер пана іздеп жүрген адамға Заңның 12-бабында көзделген негіздерге сәйкес босқын мәртебесін беруден бас тартылған жағдайда, жергілікті атқарушы орган бас тарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін және қабылданған шешімге шағымдану тәртібін көрсете отырып, шешімнің көшірмесін табыс етеді немесе ол тұрған жері бойынша осы адамға жібереді, сондай-ақ қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып, уәкілетті орган мен ішкі істер органдарын хабардар етеді.

Мерзімді ұзарту кезінде жергілікті атқарушы орган босқынның босқын куәлігінің, тұруға ықтиярхатының (бар болса), жол жүру құжатының болуын тексереді, отбасы жағдайындағы, отбасы құрамындағы, болу мекенжайындағы өзгерістер туралы мәліметтерді нақтылайды және бұл өзгерістерді босқынның жеке ісіне енгізеді.

Босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған жағдайда, жергілікті атқарушы орган қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып, уәкілетті орган мен ішкі істер органдарын бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді, сондай-ақ босқын мәртебесін ұзартудан бас тартылған адамға қабылданған шешім және босқын куәлігін жарамсыз деп тану туралы хабарлама береді немесе жібереді.

Жергілікті атқарушы орган босқын мәртебесінен айыру туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қабылданған шешімнің себептерін көрсете отырып және оған шағымдану тәртібін түсіндіре отырып, шешімнің көшірмесін табыс етеді немесе осы адамға жібереді, сондай-ақ қабылданған шешімнің көшірмесін ұсына отырып, уәкілетті орган мен ішкі істер органдарын хабардар етеді.

Қаулы 2024 жылғы 20 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: