Ұлытау облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі өлтірді деп айыпталған ағайынды екі жігітке қатысты іс қаралды.
Айта кетсек, тергеу барысында олардың бірі тергеу изоляторында өз-өзіне қол салған. Сондықтан қаза тапқан ағайындылардың бірі қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Сотта 2024 жылдың 19 наурызында, кешкі 21:00 шамасында айыпталушылар - ағайынды А. мен У. өз үйінде ішімдік ішкені, үшінші адам К-мен сөзге келіп, оны өлтіру туралы шешім қабылдағандары анықталды. А. К-ны мойнынан жіппен тұншықтырса, бұл кезде У. оның аяқтарын ұстап тұрған. Бес минут бойы бұлқынған К. ақыры көз жұмды. Қылмыстың іздерін жасыру үшін келесі күні айыпталушылар К-ның денесін көлікпен батпақты жерге апарып, үстіне жанар-жағармай құйып, автомобиль дөңгелектерімен бірге өртеген.
Айыпталушылардың кінәсі куәлардың көрсетулеріне, сараптамалық қорытындыларға, басқа да заттай дәлелдерге негізделді.
"Айыпталушы У. Жезқазған қаласының уақытша ұстау изоляторында өз-өзіне қол салу нәтижесінде қайтыс болды. Сот А. мен У.-ны қылмыс үшін кінәлі деп таныды. А-ның кінәсін мойындауы және өкінуін жеңілдетуші мән-жай ретінде ескеріп, оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.