Тауар жапсырмасындағы баға кассадағы құнмен сәйкес келмесе не істеу керек

Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті мысал келтіре отырып, тауар дүкен сөрелеріндегі баға жапсырмасындағы құннан әлдеқайда жоғары бағамен сатылған жағдайда не істеу керектігін айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Павлодар тұрғыны қаладағы ірі сауда желісінің бірінен сұлы жармасын сатып алған. Тауар сөресінде сұлы жармасының құны 195 теңге деп көрсетілгенімен, кассада тұтынушыға 405 теңгеге чек шығарған. Осылайша сауда желісінде тауар сөреде көрсетілген бағадан 210 теңгеге қымбат сатылған.

"Жоспардан тыс тексеріс нәтижелері бойынша сауда желісіне "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР кодексінің 193-бабының 5-бөлігі бойынша қысқартылған іс жүргізуде 100 АЕК (айыппұл сомасының 50%, 369 200 теңге ) мөлшерінде айыппұл салу туралы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Сонымен қатар, Департамент сауда қызметіне Сауда заңнамасына сау жүргізу туралы нұсқама берді". ҚР СИМ Сауда комитеті

Сондай-ақ, Департамент бұзушылықты жою туралы бұйрық шығарды.


"Осы жағдайды ескере отырып, Сауда заңнамасының 24-бабына сәйкес сатушы (дайындаушы) сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарында қойылған баға жапсырмасында көрсетілген құнға сәйкес тауарды сатуға міндетті, ал тұтынушы тауарды сатып алуға құқылы екенін естеріңізге саламыз", — деді Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдұшев.

Сондай-ақ, ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидаларының 54-тармағының 8-абзацы негізінде тауарларды сатуды жүзеге асыратын ішкі сауда субъектісі сауда нысанының ішкі және сыртқы витриналарында қойылған баға жапсырмасында көрсетілген құнға сәйкес тауарды сатып алушыға сатады.

Тұтынушылар осыған ұқсас жағдайға тап болған кезде E-tutynushy.kz, E-otinish.kz біріңғай платформалары арқылы онлайн шағым қалдыруға болады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: