Бишімбаевтың ісі бойынша көпке кеңінен танылған прокурор: Әйелдің қолынан бәрі келеді...

Бишімбаевтың ісі бойынша көпке кеңінен танылған прокурор Айжан Аймағанова әлеуметтік желіде өзіне көп қойылатын сұрақтардың біріне жауап берді және оқушы кездегі суреттерімен де бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Прокурор Айжан Аймағанова Instagram-да оқырмандары тарапынан өзіне "құқық саласында жұмыс істейтін әйел адамдарға қиын емес пе" деген көп қойылатын сұрақтың бірі екенін айтады. Ол, әрине кез келген жұмыстың қиын екенін, бірақ қызмет етуге жан-тәніңмен дайын болсаң, онда алынбайтын қамал жоқ екенін баса атап көрсетеді. 

"Прокурордың жұмысы оңай емес. Бұл дегеніміз тәулік бойы басшылықпен байланыста болу, өміріңнің басым бөлшегін осы қызметке арнау,  сабырлылық, тыңдай білу, жүрекпен сезіне білу, қандай да бір күтпеген шешімдерге дайын болу дегенді білдіреді. Ротация бойынша қайда бар десе, сонда бару. Осының барлығына сақадай сай болуың керек", деп жазады прокурор. 

Оның айтуынша, әрине, әйел адамға қызметі мен отбасыны қатар алып жүру қиынырақ, бірақ ынта-шынтасы, осы мамандыққа деген жүрек қалауы болса, бұл да мүмкін нәрсе.

"Әйел адам өмірінде көп нәрсені істей алады, егер де оған ынтасы болса, өзін-өзі қайрап отырса. Мен өз өткен өміріме қарасам зыр жүгіруден тұрады екен: жақсы көретін жұмысымнан жақсы көретін отбасымның арасында. Иә, әртүрлі жағдай болады: бірде жолың болады, бірде келеңсіз жағдайлар туып, сүрінесің де, ең бастысы осының бәрін жеңіп шығу керек болады. Ондайда барлығынан қашып, тығылып қалғың келеді немесе өкіріп жыласам дейсіз, біресе барлығың төңкеріп тастағың келеді іштегі ашуға ерік беріп, ал кейде, керісінше, үнсіз қалуды жөн көресіз. Мұның барлығы өмір заңдылығы, сондықтан оны қалыпты күй деп санаймын. Бәрі де орнына түседі, бәрі де ойдағыдай болады, ең бастысы - шыдамдылық, ал бұл әйел адамдардың қолынан келетін нәрсе деп ойлаймын", деп сөзін түйіндепті Айжан Аймағанова.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: