Өскемендегі зоодүкендердің бірінде тасбақаның жойылып бара жатқан түрі сатылған

Өскеменде полицейлер Орталық Азия тасбақаларының заңсыз сатылымының жолын кесті. Бұл туралы 2024 жылғы 30 қыркүйекте ШҚО полиция департаменті ақпарат таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полицияға жергілікті тұрғыннан үй жануарлары дүкендерінің бірінде бауырымен жорғалаушыларды ұстауға қатысты заң бұзушылық фактісі бойынша хабарлама келіп түскен.

"Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері дүкенде тексеру жүргізіп, онда сатушылардың ұстауға және сатуға рұқсаты жоқ үш ортаазиялық тасбақаны тәркілеген... Аталған факті бойынша оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 389-бабы, "Жабайы жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алу, өткізу, тасымалдау, әкелу, әкету, сақтау (ұстау)" бойынша әкімшілік іс қозғалды". ШҚО ПД баспасөз қызметі

Материалдар әрі қарай тергеу жұмыстарын жүргізу үшін Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясына берілді.

Тәртіп сақшылары жануарлар әлемін қорғау саласындағы заңнаманы сақтаудың маңыздылығын еске салып, азаматтарды экологиялық тепе-теңдікті сақтауға шақырады.

Сурет: Instagram/eastkazpolice



Өскемен
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: