Сенат тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды

2024 жылы 17 қазанда сенаторлар тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасын қарады. Алайда Сенат депутаттары заңды өздері ұсынған түзетулермен Мәжіліске кері қайтару туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Отырыс барысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екі оқылымда қаралды. Азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін аталған заң арқылы Қазақстан Республикасының 5 кодексіне және 16 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң аясында "Отбасы банкін" ұлттық даму институты ретінде қайта құру көзделіп отыр. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың мұқтаждар үшін тұрғынжайды есепке алуды, қоюды және бөлуді жүзеге асыру жөніндегі функциялары банкке беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаждар туралы мәліметтерді қамтитын, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" электрондық базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингілеу және өзектендіру жөніндегі функциялар да аталған банкке жүктеледі.

Халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдерінің мүдделерін қорғау үшін заң арқылы баспанаға мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды олар кәмелетке толғаннан кейін де есептен шығаруға жол бермейтін бап ұсынылды. Одан бөлек, мүгедектігі бар балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе қайтыс болғаннан кейін, толық емес отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін, жесір әйелдер (тұл ер адамдар) балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін және тағы басқа заңмен белгіленген тұлғалар тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығарылуға жатпайды.

Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлердің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы бірінші кезектегі құқығы бар азаматтарға, оның ішінде соғыс ардагерлеріне, I және II топтағы мүгедектерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасыларға, жесірлерге (тұл ер адамдарға) және басқа да осал санаттарға берілетін норма енгізіледі. Жер кодексі шеңберінде жер учаскелерінің барлық меншік иелеріне оның нысаналы мақсаты өзгерген кезде жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бөліп-бөліп төлеуді беру көзделеді.

Жалпы, сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда олар құжатты қарау кезінде меншік иесі тұрғын үйді коммуналдық тұрғын үй қорынан алған кезде коммуналдық меншікке берілуге тиіс апатты деп танылған жалғыз тұрғын үйді беру жөніндегі норманы нақтылау бөлігінде түзетулер енгізді. Бұдан басқа, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен ұқсас елорда әкімдігіне жергілікті бюджет қаражатынан сыртқы қабырғаларды реконструкциялау, ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі құзыретті бекітуге қатысты түзетулер ұсынылды. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танылған азаматтар үшін өтпелі жағдайды көздейтін заңның 2-бабы бойынша да түзетулер қарастырылды. Осыған байланысты Сенат депутаттары заңды өздері ұсынған түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

"Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға үнемі баса мән беріп келеді. Осы ретте бүгін қаралған заң арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруды көздейтін түзетулер топтамасы мақұлданып отыр. Соның аясында Отбасы банкінің құзіреті кеңейтіліп, оған Ұлттық даму институты мәртебесі беріледі. Өзгерістерге сәйкес, "Отбасы банкі" тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және тұрғын үйді бөлу функцияларын атқарады. Сондай-ақ барлық мәліметтерді қамтитын бірыңғай республикалық электрондық базаны жүргізеді. Осы және басқа да түзетулер бұл саладағы жариялық пен ашықтықты қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй заңнамасын жетілдіруді көздейтін бірқатар өзге де түзетулер мақұлданды. Заңды қарау барысында сенаторлар өздерінің ұсыныстарын да жеткізді. Олар тұрғын үйге мұқтаждардың тізімінде тұрған жекелеген санаттағы азаматтардың мүдделерін қорғауға арналған. Алдағы уақытта заң тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге өз септігін тигізеді деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: