Парламент депутаттары азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің тұтас жүйесін құру және осы жұмысқа барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарды тарту мақсатында бастамашылық жасады.
"Заң жобасымен "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" ҚР Заңын "әскери-патриоттық тәрбие", "әскери-патриоттық тәрбие жүйесі" терминдерінің анықтамасын бекітетін жаңа 14-1-баппен толықтыру ұсынылады. Бұдан басқа, осы нормада барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іс-қимылдарын үйлестіру және келісу мақсатында республикалық деңгейде, сондай – ақ жергілікті атқарушы органдар жанынан әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі үйлестіру кеңестерін құру көзделеді", — делінген жоба қорытындысында.
Әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі үйлестірілген және келісілген жұмысты іс жүзінде жүзеге асыру үшін "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" ҚР Заңында көзделген орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларына тиісті толықтырулар енгізілетіні атап өтілді.
Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиені қосымша білім берудің бағдарламаларына енгізу көзделеді.
Бұдан басқа, "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" ҚР Заңына мәдениет саласындағы уәкілетті органның жастар ұйымдарымен әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын жүзеге асыру бөлігінде толықтыру енгізіледі.
2024 жылдың 1 қарашасында Қазақстанда әскери кафедралар студенттерді даярлау бағдарламаларын қайта қарайтыны белгілі болды.