Аягөз аудандық сотының 2026 жылғы 1 сәуірінде таратқан ақпаратқа сәйкес, 2024–2025 жылдар аралығында Аягөз қаласының тұрғыны әлеуметтік осал азаматтарды, оның ішінде алкогольдік масаң күйде болған адамдарды әдейі іздеп тауып, олардың сеніміне кіріп, психологиялық қысым көрсеткен.
"Кейін оларды жұмысқа орналастыру сылтауымен шаруа қожалықтарына жіберіп отырған, ал алдын ала төлем ретінде берілген ақшалай қаражатты өз қалауынша пайдаланған", делінген сот хабарламасында.
Іс материалдарымен бес эпизод анықталған. Жәбірленушілер Е.-мен Семей қаласында вокзалдар мен базарлар маңында, алкогольдік масаң күйде жүрген кезде танысып, оның жұмыс табуға көмектесу туралы уәделеріне сенген. Кейбір жағдайларда Е. олардың еркін жүріп-тұруын шектеп, қорқыту, психологиялық қысым көрсету және ішімдікке тәуелді ету әрекеттерін қолданған. Алдын ала келісім бойынша шаруа қожалықтарының басшылары әйелдің жеке шотына 100 000-нан 400 000 теңгеге дейін ақша аударып отырған.
Е. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірді, келтірілген зиянды өтегенін және жәбірленушілермен татуласқанын айтты.
Жәбірленушілер оны кешіргендерін растап, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады.
Жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні толық мойындауы, өкінуі, келтірілген зиянды өтеуі, жәбірленушілермен татуласуы, жасы, сондай-ақ "Күміс алқа" наградасының болуы ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен Е. кінәлі деп танылып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Абай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Семейде "мембағдарламаға іліктіруші" күдікті алаяқтар қолға түскені хабарланған.