Адам саудасы адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мәжбүрлі еңбекке тарту, қайыршылыққа мәжбүрлеу, сексуалдық қанау және адам ағзаларын заңсыз алу секілді дәстүрлі түрлерімен қатар, азаматтарды кибералаяқтыққа және өзге де қылмыстық әрекеттерге (есірткі саудасы, ұрлық, заңсыз көші-қон, күш қолданумен байланысты қылмыстар) тартуға негізделген адам саудасының жаңа түрлері де кеңінен таралуда. Ішкі істер министрлігінде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Адиловтің төрағалығымен Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырысқа мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылығы, сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымы / БҰҰ-ның Көші-қон агенттігі, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушылар Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтарын қорғау, жастар арасында профилактикалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ адам саудасының алдын алуға бағытталған бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Ішкі істер министрлігі елдегі ахуал, анықталған қылмыстар, сондай-ақ адам саудасына байланысты қылмыстардың жолын кесу, олардың алдын алу және зардап шеккендерге көмек көрсету бағытында мемлекеттік органдармен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Полиция ведомствосының өкілі қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде қанаудың барлық түрлері үшін жауапкершілік көзделгенін атап өтті. Жыл басынан бері ішкі істер органдары адам саудасына байланысты 72 қылмысты анықтады.
Сонымен қатар адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелерін, оның ішінде ынтымақтастықты дамыту, профилактикалық жұмыстар жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету тетіктерін қамтитын “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” заңды іске асыру жұмыстары атап өтілді. Мәселен, Халықаралық көші-қон ұйымымен / БҰҰ-ның Көші-қон агенттігімен және ЕҚЫҰ бағдарламалар офисімен бірлесіп, адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілеріне арналған 18 оқыту тренингі ұйымдастырылды.
Бас прокуратура, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, ауылдық жерлерде мәжбүрлі еңбекті анықтау жөніндегі мобильді топтар аясында халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандар мен ауылдарға 155 рет іссапар ұйымдастырылды.
Көмек көрсету үшін адам саудасының 15 құрбаны әлеуметтік қызметтерге жолданды.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар адам саудасын анықтау тетіктерін жетілдіру және халықтың хабардарлық деңгейін арттыруды қоса алғанда, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады.
Бұған дейін қазақстандықтарды одан әрі қанауға көбінесе қай елдерге апаратыны хабарланған.