Жаңартылған нұсқаға сәйкес, ауданның немесе қаланың білім бөлімі мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымы бос немесе уақытша бос болған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде конкурс өткізу туралы облыстың білім басқармасына жазбаша өтініш жолдайды.
Бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымындағы міндеттерді атқару конкурс рәсімдері аяқталғанға дейін осы білім беру ұйымы басшысының орынбасарына немесе педагогіне жүктеледі. Бұл мерзім 6 айдан аспауға тиіс.
Өзгерістерге сәйкес, егер конкурс өтпей қалған жағдайда, бірінші басшы міндетін атқару мерзімін 6 айға ұзартуға бір реттен артық емес рұқсат етіледі.
Сондай-ақ бірінші басшыны лауазымнан босату Кодексте және Қағидаларда көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылатыны туралы норма қосылды.
Бірінші басшы лауазымына конкурс ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, салалық министрліктердің тиісті құрылымдық бөлімшесі немесе ведомстволық бағыныстылығына қарай облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім басқармасы тарапынан жарияланады.
Президенттік жастар кадр резервіне енгізілген тұлғалар, Назарбаев университетінің түлектері, Президенттің "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша шетелдік жоғары оқу орындарында білім алған түлектер, сондай-ақ Quacquarelli Symonds World University Rankings, Times Higher Education (THE), Shanghai Ranking Consultancy-дің Academic Ranking of World Universities әлемдік университеттер рейтингтері бойынша әлемдегі үздік 100 университеттің бірінде білім алған түлектер тиісті бейін бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық не өзге де кәсіптік білімі және педагогикалық қайта даярлаудан өткенін растайтын құжаты болған жағдайда сертификаттаудан босатылады және әңгімелесуге жіберіледі.
Бірінші басшы лауазымына кандидат Қағидалардың 2-тарауының 3-параграфында көзделген тәртіппен нормативтік құқықтық актілерді білу бойынша сертификаттаудан және мемлекеттік тілді білу бойынша тестілеуден өз бетінше өтеді. Мемлекеттік тілді білу деңгейі ортадан төмен болмауы тиіс (В1). Бұл рәсімдер конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсырғанға дейін жүргізіледі.
Белгілі болғандай, кандидаттарды іріктеумен конкурстық комиссия айналысады.
Комиссия қызметінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда комиссияның құрамы қайта қаралады.
Мүдделер қақтығысы деп комиссия құрамындағы тұлғалардың жеке мүдделері мен қызметтік міндеттері арасында қайшылық туындаған жағдай түсініледі. Мұндай жағдайда жеке мүдделер аталған тұлғалардың өз міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына әкелуі мүмкін.
Мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшелері бұл туралы білген бойда комиссия төрағасына немесе конкурсты жариялаған мемлекеттік органның басшысына жазбаша түрде хабарлауға тиіс.
Комиссия шешімді жазбаша өтініш негізінде қабылдайды және ол хаттамамен рәсімделеді.
Конкурсты жариялаған мемлекеттік орган 1 жұмыс күні ішінде Комиссия құрамына өзгерістер енгізу туралы бұйрық шығарады.
Өзгерістермен мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі де жаңартылды.
Мемлекеттік қызметті министрлік, салалық министрліктер, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармалары мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесіне сәйкес көрсетеді.
Қызмет көрсетушілер хабарландыру жарияланғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап 7 жұмыс күні ішінде құжаттарды қабылдайды.
Бірінші басшы лауазымына үміткерлер құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде өтініш пен қажетті құжаттарды электрондық немесе қағаз түрінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына, қызмет көрсетушінің кеңсесіне немесе "цифрлық үкімет" веб-порталына жолдайды.
Сертификаттаудан өту үшін әрбір нормативтік құқықтық актіні білу бойынша шекті деңгей 50 пайызды құрайды.
Сертификаттауға 96 минут беріледі. Уақыт аяқталғаннан кейін бағдарламалық қамтамасыз ету тестілеуді автоматты түрде жабады.
Қағидаларға жаңа норма қосылды:
Бірінші басшының бос лауазымына орналасу конкурсының қорытындысы бойынша шешімді конкурстық комиссия кандидаттардың жинаған балдарына қарай қабылдайды.
Ең көп балл жинаған кандидат конкурс жеңімпазы деп танылады.
Егер кандидаттардың балдары тең болса, түпкілікті шешімді конкурстық комиссия мүшелері ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Дауыстар саны тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болады.
Бірінші басшының келісімімен және білім беру ұйымының басқару органының келісімі бойынша еңбек шартының мерзімі аяқталғаннан кейін бірінші басшы конкурс рәсімдері аяқталғанға дейін осы білім беру ұйымының бірінші басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалуы мүмкін. Бұл мерзім 6 айдан аспауға тиіс.
Бірінші басшының міндетін атқару еңбек шартына қосымша келісім жасау және тиісті бұйрық шығару арқылы рәсімделеді. Жоғарыда көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін еңбек шарты бұзылуға тиіс. Еңбек шартын бұзу туралы хабарламаның болмауы еңбек шартын белгісіз мерзімге ұзартуға негіз болып табылмайды.
Кадр резервіне енгізілген бірінші басшының орынбасарлары "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған мектептерге бірінші басшы немесе бірінші басшының орынбасары лауазымдарына бірінші кезекте тағайындалады.
Кадр резервіне енгізілген педагогтер "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған мектептерге бірінші басшының орынбасары лауазымына бірінші кезекте тағайындалады.
Бұдан бөлек, педагогтерді конкурс арқылы және конкурстан тыс тағайындау тәртібі өзгертілді.
Орта білім беру ұйымдарындағы педагог лауазымдарына тағайындау конкурсы "Педагогті жұмысқа қабылдау" модулінде электрондық форматта өткізіледі.
Мектепке дейінгі, қосымша, арнайы білім беру ұйымдарына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарына педагогтерді тағайындау конкурсы қағаз форматында өткізіледі.
Шағын жинақты мектептерді, "Білім-инновация" лицей-интернаттарын және "Абай ұлттық мектебін" қоспағанда, мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтердің бос немесе уақытша бос лауазымдарына конкурс өткізеді.
Сондай-ақ мынадай толықтыру енгізілді:
Мемлекеттік білім беру ұйымдары психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымы немесе психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің шешімі негізінде және кандидат Типтік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келген жағдайда педагог-ассистентті конкурссыз қабылдай алады.
Соңғы екі жылда оқуын аяқтаған, мемлекеттік білім беру тапсырысы немесе жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы бойынша білім алған, педагогикалық еңбек өтілі жоқ және GPA көрсеткіші 3,33 балдан төмен емес түлектер сертификаттаудан өткені туралы құжаты және грант тағайындалғаны туралы куәлігі болған жағдайда конкурс рәсімдерінен өтпей жұмысқа қабылданады.
Егер аталған санатқа жататын екі немесе одан да көп адам бір педагог лауазымына үміткер болса, таңдау GPA көрсеткіші ең жоғары кандидатқа беріледі.
Егер аталған тұлғалар жарияланған конкурстарға қатысса, іріктеу Бағалау парақтарында жинаған балдарының нәтижесі бойынша жүргізіледі.
Конкурсқа Типтік біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін және белгіленген тізімге сәйкес құжаттарды ұсынған педагогтер қатысады.
Педагогикалық еңбек өтілі жоқ, тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар немесе педагогикалық қайта даярлаудан өткені туралы құжаты бар, сондай-ақ педагогикалық қызметін қайта бастағысы келетін (5 жыл және одан да көп үзілістен кейін) адамдар Бағалау парағын толтырады.
"Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес, білім беру ұйымы негізгі жұмыс берушімен келісім бойынша қоса атқаратын қызмет бойынша жұмыс істейтін педагогтерді конкурссыз жұмысқа қабылдайды.
Педагогті лауазымнан босату Кодекстің 49-бабының 1), 2), 3), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
Қағидаларға мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы бос немесе уақытша бос педагог лауазымына орналасу конкурсына қатысу үшін педагогтердің құжаттарын қабылдау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын жаңа параграф қосылды.
Мемлекеттік қызметті мемлекеттік білім беру ұйымдары мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесіне сәйкес көрсетеді.
Қызмет көрсетушілер хабарландыру жарияланғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап 7 жұмыс күні ішінде құжаттарды қабылдайды.
Орта білім беру ұйымдарының педагог лауазымына үміткер жеке тұлғалар хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде өтініш пен қажетті құжаттарды Модульге электрондық түрде жолдайды.
Мектепке дейінгі, қосымша, арнайы білім беру ұйымдарының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының педагог лауазымына үміткер жеке тұлғалар хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдау мерзімі ішінде өтініш пен қажетті құжаттарды қызмет көрсетушінің кеңсесіне қағаз түрінде тапсырады.
Мемлекеттік қызмет қағаз түрінде көрсетілген жағдайда қызмет көрсетуші құжаттардың конкурсқа қатысу үшін қабылданғаны туралы қолхат немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тарту береді.
Мемлекеттік қызмет Модуль арқылы көрсетілген кезде қызмет алушының "жеке кабинетіне" құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама автоматты түрде жіберіледі.
Қызмет көрсетуші мемлекеттік қызмет көрсету кезеңдері туралы мәліметтердің мемлекеттік қызметтерді көрсетуді мониторингтеудің цифрлық жүйесіне енгізілуін қамтамасыз етеді.
Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудан әкімдері, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері және қызмет көрсетушілер мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты өзектендіріп, оны Бірыңғай байланыс орталығына жолдайды.
Сондай-ақ Қағидаларда мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шағымдарды қарау және беру тәртібі де реттеледі.
Бұйрық 2026 жылғы 6 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.