2027 жылдан бастап АӘК беру мөлшері мен шарттары бекітілді
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Құжатқа сәйкес, адамға немесе отбасына берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін оны тағайындауға уәкілетті орган есептейді. Көмек мөлшері отбасының әрбір мүшесіне шаққанда, елордада, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда белгіленген кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыстың айырмасы ретінде айқындалады.
Республика бойынша кедейлік шегін уәкілетті мемлекеттік орган мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктеріне қарай белгілейді. Ол үшін статистика саласындағы мемлекеттік орган есептейтін халықтың жан басына шаққандағы медианалық табысының белгілі бір пайыздық үлесі негізге алынады.
Елордадағы, облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы кедейлік шегін жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын есептейді. Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған кедейлік шегінің мөлшері негізге алынады.
Атаулы әлеуметтік көмек беру шарттары
Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адам (отбасы) және оның отбасы мүшелері дербес деректерін жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім беруі керек.
Бұған банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер кіреді. Бұл деректер Ұлттық банкпен келісу арқылы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін мерзімде және тәртіппен ұсынылады. Сондай-ақ мемлекет қатысатын кредиттік бюродан кредиттер бойынша қарыз сомасы, мерзімдік (ай сайынғы) төлемдер, мерзімі өткен немесе қалған берешек сомасы туралы мәліметтер алынады.
Шартсыз ақшалай көмек мына жағдайларда беріледі:
Табысы аз адамның төмендегі себептерге байланысты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу мүмкіндігі шектеулі болса:
- зейнеткерлік жасқа толса;
- бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі болса;
- уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі екі айдан астам уақытқа белгіленуі мүмкін ауруы болса.
Сондай-ақ шартсыз ақшалай көмек табысы аз отбасының құрамында еңбекке қабілетті адам болмаған жағдайда немесе отбасының еңбекке қабілетті жалғыз мүшесі мына адамдардың біріне күтім жасаса беріледі:
- үш жасқа дейінгі балаға;
- мүгедектігі бар балаға;
- бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамға;
- өзгенің күтімі мен көмегіне мұқтаж қарт адамға.
Шартты ақшалай көмек еңбекке қабілетті, табысы аз адамдарға және құрамында еңбекке қабілетті мүшесі немесе мүшелері бар табысы аз отбасыларға беріледі. Олардың қатарына қызметін тоқтата тұрған жеке кәсіпкерлер де кіреді.
Көмектің бұл түрін алу үшін еңбекке қабілетті адам немесе отбасы мүшелері жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына, ал қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуы тиіс. Бұл талап жоғарыда көрсетілген, шартсыз ақшалай көмек алуға құқығы бар адамдар мен отбасыларға қолданылмайды.
Шартты ақшалай көмек тағайындау үшін әлеуметтік келісімшарт жасасу міндетті.
Шартты ақшалай көмек төлеу үшін мына адамдардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуы міндетті шарт болып саналмайды:
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- күндізгі оқу нысанында білім алатын оқушылар, студенттер, тыңдаушылар, курсанттар мен магистранттар;
- уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі екі айдан астам уақытқа белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдар;
- үш жасқа дейінгі балаға күтім жасайтын ата-ананың бірі, мүгедектігі бар балаға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, өзгенің күтімі мен көмегіне мұқтаж 80 жастан асқан қарттарға күтім жасайтын адамдар.
Үш жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, өзгенің күтімі мен көмегіне мұқтаж 80 жастан асқан қарттарға күтім жасаушы ретінде отбасының еңбекке қабілетті бір ғана мүшесі танылуы мүмкін екені түсіндірілген.
- тұрақты жұмысы бар адамдар.
АӘК беру қажеттілігінің жоқтығы туралы қорытынды шығару өлшемшарттары
Учаскелік комиссия төмендегі өлшемшарттардың біреуі немесе бірнешеуі болған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек беру қажеттілігінің жоқтығы туралы қорытынды шығарады:
- Адамның немесе отбасының меншігінде біреуден артық тұрғынжайдың болуы. Бұл ретте АӘК алуға өтініш бергенге дейінгі соңғы бес жыл ішінде меншігінен шығарылған, тұруға жарамды тұрғынжай да есепке алынады. Барлық тұрғынжайдың жалпы пайдалы ауданы отбасының әр мүшесіне шаққанда 18 шаршы метрден аспайтын жағдайлар, сондай-ақ апатты жағдайда екені тиісті актімен расталған тұрғынжайлар бұған жатпайды.
- Меншігінде, иелігінде немесе пайдалануында пайда табуға арналған жеке үй-жайдың болуы.
- Меншігінде тұрғынжайы бола тұра, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесінің болуы. Жергілікті атқарушы орган жер учаскесін жеке меншікке тегін берген жағдай бұған жатпайды.
- Меншігінде техникалық жарамды күйдегі біреуден артық жеңіл автокөліктің болуы.
Бұл өлшемшарт меншігінде бір немесе екі жеңіл автокөлігі бар көпбалалы отбасыларға және құрамында мүгедектігі бар балалар, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар бар отбасыларға қолданылмайды.
- Меншігінде немесе уақытша иелігінде, пайдалануында техникалық жарамды күйдегі ауыл шаруашылығы техникасының, жолаушыларды, багажды, жүктерді тасымалдауға пайдаланылатын автобустың, шағын автобустың, жүк көлігінің, мамандандырылған немесе арнайы автокөліктің, сондай-ақ теңіз, ішкі су немесе әуе көлігінің болуы.
- Өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда адамның немесе отбасының банк шоттары бойынша шығыс операцияларының жиынтық сомасы отбасының әр мүшесіне айына шаққанда кедейлік шегінен асуы. Бұл ретте салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сақтандыру төлемі және адамның немесе отбасының өз шоттары арасындағы аударымдар есепке алынбайды.
- Өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда банк қарызының кез келген түрін (ипотекалық қарызды қоспағанда) немесе микрокредит рәсімдеу және олардың мөлшерінің отбасының әр мүшесіне айына шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген шамасынан асуы. Есептеу кезінде статистика органдары өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептеген ең төменгі күнкөріс деңгейі қолданылады.
- Отбасының банк салымындағы қаражаттың 200 АЕК-тен асуы (2026 жылы – 865 000 теңге). Тұрғын үй құрылысы жинақ салымы бұған жатпайды.
Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.