Қонаев-Бақанас тасжолында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады

Дорога, трасса, дорожное строительство, дорожная инфраструктура, новая дорога, новая трасса , сурет - Zakon.kz жаңалық 21.10.2026 13:04 Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 21 қазаннан бастап Қонаев-Бақанас автожолының бір бөлігінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жұмыс істей бастайды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары Ақтоты Боранованың айтуынша, сәрсенбі, 21 қазан күні сағат 00:00-ден бастап Қонаев-Бақанас автожолының бір бөлігінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады.

"Бақылауға алынған учаскенің ұзындығы – 38 шақырым 965 метр. Бұл жол бөлігінің маңызды ерекшелігі – жылдамдық режимінің өзгеріп отыруы. Яғни жолдың әр бөлігінде рұқсат етілген жылдамдық әртүрлі. Сондықтан жол белгілеріне мұқият қарап, жолдың әр бөлігінде белгіленген жылдамдық шектеулерін сақтаңыздар", – деп ескертті ол жүргізушілерге.

Спикер жүйенің қалай жұмыс істейтінін де түсіндірді.

"Камералар көліктің учаскенің басы мен соңындағы бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Жүйе қашықтық пен жолға кеткен уақытты есептеп, орташа жылдамдықты анықтайды. Сондықтан камераның алдына келгенде ғана жылдамдықты төмендету көмектеспейді: егер учаске бойында белгіленген жылдамдықтан ассаңыз, құқық бұзушылық тіркеледі", – деп түсіндірді Ақтоты Боранова.

Ол ІІМ-нің мақсаты жүргізушілерді жазалау емес екенін атап өтті.

"Біздің мақсатымыз – жүргізушілердің жылдамдықты тек камераның алдында ғана емес, бүкіл жол бойында қауіпсіз деңгейде ұстауы. Жылдамдықты арттыру тасжолдардағы ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып қала береді", – деді Ақтоты Боранова.

2026 жылғы 13 қазаннан бастап Қазақстандағы республикалық маңызы бар төрт автожол учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылған болатын. Олар: "Орал-Ресей Федерациясының шекарасы (Самара)", "Ақтөбе-Ресей Федерациясының шекарасы (Орынбор)", "Қостанай-Денисовка" және "Қандыағаш-Мақат" автожолдары.

Осыған байланысты 14 қазанда ІІМ Қазақстан жүргізушілеріне ескерту жасаған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: