Қарағанды облысында 19 жылжымалы блок-бекет қойылып, жүргізушілерге ескерту жасалды

Сурет: polisia.kz
Қарағанды облысында полиция күзгі соғым маусымы қарсаңында автожолдардағы бақылауды күшейтті. Осы мақсатта өңір аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға 19 жылжымалы блок-бекет қойылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Блок-бекеттер 25 қыркүйектен бастап іске қосылған. ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндағы негізгі мақсат пен міндет — мал ұрлығының алдын алу, ұрланған мал мен ет өнімдерін тасымалдау фактілерін дер кезінде анықтау және қылмыстың жолын кесу. Полиция қызметкерлері блок-бекеттер арқылы мал және ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеріп, жүктің заңдылығын растайтын құжаттарға назар аударады.

"Жылжымалы блок-бекеттердің мал ұрлығының алдын алуда маңызы зор. Мұнда қызмет атқаратын полиция қызметкерлері ет тасымалдайтын көліктерді тоқтатып, өнімдердің заңдылығын растайтын құжаттарды тексереді. Құжаттар талапқа сай болмаса, көлік полиция бөліміне жеткізіліп, малдың иесі анықталғанға дейін тиісті тексеру жүргізіледі. Өткен жылы Теміртау қаласының маңындағы блок-бекетте Ақмола облысынан ұрланған 46 бас жылқы анықталған. Бұл мұндай бақылау шараларының тиімділігін көрсетеді", – деді Қарағанды облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында мал ұрлығының 25 дерегі тіркеліп, оның 14-і ашылды. Сонымен қатар мал ұрлығын тұрақты түрде жасаған 4 қылмыстық топтың жолы кесілді.

Мәселен, шілде айында криминалдық полиция қызметкерлері арнайы операция барысында үш адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Тергеу барысында аталған адамдардың мал ұрлығының 7 дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды. Блок-бекеттердің тиімділігі өткен жылғы нәтижелерден де көрінеді. Былтыр олардың жұмыс барысында мал ұрлығының 8 дерегі анықталған.

Полиция өкілдері күзгі соғым науқаны кезінде мал мен ет өнімдерін тасымалдау кезінде қажетті құжаттарды өзімен бірге алып жүрудің маңызын ескертеді. Жылжымалы блок-бекеттер қыс түскенге дейін жұмыс істейді.

Полицияның айтуынша, жолдағы бақылаудың күшеюі ұрланған малды тасымалдау мүмкіндігін шектеп, қылмыстың алдын алуға бағытталған.

Қарағанды

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қорғаныс министрі жаңадан тағайындалды

Тоқаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысын тағайындады

Димаш Құдайбергеннің әлемге әйгілі болуының сыры неде: Шоумен пікір білдірді

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер наградталды