Сот сараптамасын жүргізу қағидалары өзгерді

Государственная служба, госслужба, госслужащий, госслужащие, государственный аппарат, госаппарат, сурет - Zakon.kz жаңалық 25.09.2026 16:56 Фото: senate.parlam.kz
Әділет министрінің 2026 жылғы 21 қыркүйектегі бұйрығымен сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атап айтқанда, құжаттың атауы жаңа редакцияда "Сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидалары" деп жазылды.

"Сот сараптамасы" ұғымы нақтыланды. Енді ол қылмыстық, азаматтық, әкімшілік іс немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс материалдарын арнайы ғылыми білім негізінде зерттеу ретінде айқындалады. Оның мақсаты – істі шешу үшін маңызы бар нақты деректерді анықтау.

Сараптама жүргізуге негіздер ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде, ҚР Азаматтық процестік кодексінде, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде, сондай-ақ "Прокуратура туралы" Конституциялық заңда және "Нотариат туралы" заңда белгіленген.

Сараптаманы тағайындаған орган немесе адам сараптама объектілері мен сараптамалық зерттеу жүргізуге және қорытынды беруге қажетті өзге де материалдарды сот сараптамасы органына немесе жеке сот сарапшысына ұсынады. Олар сол күні сот сараптамасын жүргізуге келіп түскен материалдарды тіркеу журналына тіркеледі.

Сараптамаға түскен материалдарды сот сараптамасы органының сарапшысы немесе жеке сот сарапшысы сараптама жүргізу үшін түскен күні қарайды.

Сараптама тағайындау цифрлық форматқа көшеді

Қағидаларға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа тармақ қосылды.

Сараптама тағайындау туралы қаулылар мен ұйғарымдар сараптаманы тағайындаған адам немесе орган арқылы сот-сараптамалық қызметтің бірыңғай цифрлық жүйесімен интеграцияланған құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, соттардың цифрлық жүйелері арқылы ұсынылады.

Егер цифрлық жүйе арқылы сараптама тағайындау туралы қаулы немесе ұйғарым келіп, бірақ сараптамалық зерттеу жүргізуге қажетті объектілер мен материалдар бір уақытта ұсынылмаса, құжат бірыңғай сот-сараптамалық қызмет жүйесінде "объектілерді күту" мәртебесімен есепке алынады.

Егер сараптама объектілері мен қорытынды беруге қажетті өзге де материалдар 10 жұмыс күні ішінде ұсынылмаса, сараптама тағайындау туралы қаулы немесе ұйғарым автоматты түрде орындалмай қайтарылады.

Сонымен қатар сот ісін жүргізу қағаз форматында жүзеге асырылған немесе цифрлық жүйелерді пайдалануға техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, сараптама тағайындау туралы қаулы немесе ұйғарым қағаз түрінде ұсынылады. Оны сараптаманы тағайындаған адам немесе орган өзі, уәкілетті өкіл арқылы (сенімхат негізінде), пошта немесе арнайы байланыс арқылы жібере алады.

Адвокаттың сараптама жүргізу туралы сұрау салуы зерттеу объектілерін ұсынумен қатар жазбаша түрде жолданады.

Заңның 43-бабы 1-тармағының 1-4) тармақшаларында көзделген негіздер болған жағдайда, сараптама объектілері мен өзге де материалдар бес жұмыс күні ішінде орындалмай қайтарылады.

Қайталама сараптамаға қатысты талаптар

Қайталама сараптама алдыңғы сараптамадағы дәл сол объектілерді зерттеу және сол мәселелерді шешу үшін мынадай жағдайларда тағайындалады: сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті негізделмесе, оның тұжырымдары күмән тудырса немесе сараптаманы тағайындау және жүргізу кезінде процестік нормалар елеулі түрде бұзылса.

Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама кезінде қатысып, комиссияға түсініктеме бере алады. Алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.

Қайталама сараптама тағайындау туралы қаулыда немесе ұйғарымда алдыңғы сот сараптамасының нәтижелерімен келіспеудің негізді себептері көрсетілуі тиіс.

Егер қайталама сараптама тағайындаудың себептері жеткілікті негізделмесе, сот сараптамасы органының аумақтық бөлімшесінің басшысы немесе жеке сот сарапшысы үш жұмыс күні ішінде сараптаманы тағайындаған органға немесе адамға сараптама тағайындау туралы қаулыны немесе ұйғарымды және сараптама объектілерін орындамай қайтарады.

Қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға алдыңғы сараптамалардың қорытындылары берілуі тиіс. Алдыңғы сараптама қорытындысынсыз қайталама сараптама жүргізуге жол берілмейді.

Егер екінші немесе кейінгі сараптама бірнеше негіз бойынша тағайындалып, олардың бір бөлігі қосымша сараптамаға, ал екіншісі қайталама сараптамаға жатса, мұндай сараптама қайталама сараптама жүргізу қағидалары бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ қайталама сараптама тағайындалған кезде сот сараптамасы органының аумақтық бөлімшесінің басшысы немесе жеке сот сарапшысы үш жұмыс күні ішінде бұл туралы тиісінше сот сараптамасы органының басшысын немесе ҚР Сот сарапшылары палатасын хабардар етеді.

Сарапшы өзіне тапсырылған сараптаманы қабылдағаннан кейін ұсынылған материалдар мен зерттеу объектілерін зерделеп, олардың қойылған сұрақтар бойынша қорытынды беруге жарамды әрі жеткілікті екеніне көз жеткізеді.

Егер сараптама жүргізуге ұсынылған материалдар жеткіліксіз немесе жарамсыз болса, сот сараптамасы органының сарапшысы басшымен келісе отырып, ал жеке сот сарапшысы сараптаманы тағайындаған органға немесе адамға қосымша материалдар ұсыну қажеттігі туралы өтінішхат береді.

Мұндай өтінішхат сараптама жүргізуге қабылданған сәттен бастап үш тәулік ішінде, ал көп объектілі сараптамалар бойынша бес тәулік ішінде беріледі.

Өтінішхат қанағаттандырылғанға дейін сараптама жүргізу заңда белгіленген мерзімдер шегінде тоқтатыла тұрады.

Егер сараптаманы тағайындаған орган өтінішхатты қанағаттандырмаса, сарапшы зерттеуді ұсынылған материалдардың көлемінде жүргізеді. Ал олар қорытынды беруге жеткіліксіз немесе жарамсыз болса, сараптама тағайындау туралы қаулы, ұйғарым немесе адвокаттың сұрау салуы және зерттеу объектілері бес жұмыс күні ішінде орындамай қайтарылады.

Сарапшы сот-сараптамалық қызметтің бірыңғай цифрлық жүйесінде сараптама жүргізудің барлық кезеңін, оның ішінде өтінішхаттар мен өзге де құжаттарды көрсетуге міндетті. Бұл норма 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.

Сараптама жүргізу мерзімі 30 тәуліктен аспауға тиіс.

Сараптама жүргізу мерзімі сараптаманы тағайындаған органға немесе адамға негізделген өтінішхат жіберілген күннен бастап тоқтатылады, бірақ 10 жұмыс күнінен аспайды.

Сарапшының өтінішхатын қанағаттандыру туралы электрондық қаулы немесе ұйғарым келіп түскен кезде сараптама мерзімі зерттеу объектілері іс жүзінде ұсынылған немесе оларға қолжетімділік қамтамасыз етілген күннен бастап қайта жалғасады. Бұл ретте объектілер заңнамада белгіленген жалпы тоқтата тұру мерзімі шегінде ұсынылуы тиіс.

Егер сараптаманы жүргізуге 30 тәуліктен астам уақыт қажет болса, аумақтық бөлімше басшысы сарапшы ұсынған қажетті уақыт есебіне, ағымдағы жұмыс жүктемесіне және сараптамаларды орындаудың басымдығына сүйене отырып, сараптама мерзімін ұзарту туралы уәжді өтінішхат жібереді. Онда мерзімді ұзарту себептері мен сараптаманы аяқтаудың болжамды уақыты көрсетіледі.

Егер сараптаманы тағайындаған орган өтінішхатты үш жұмыс күні ішінде қанағаттандырмаса, аумақтық бөлімше басшысы сараптаманы сот сараптамасы органының басқа аумақтық бөлімшелерінің сарапшыларын тарта отырып ұйымдастырады.

Егер сараптаманы басқа аумақтық бөлімшелердің сарапшыларын тарта отырып ұйымдастыру мүмкін болмаса, сараптама белгіленген мерзім шегінде аяқталады. Бұл ретте сараптама жүргізу мерзімі тоқтатылмайды.

Жеке сот сарапшысы да сараптама мерзімін ұзарту туралы өтінішхаты қанағаттандырылмаған жағдайда сараптаманы белгіленген мерзім ішінде аяқтайды. Бұл жағдайда да сараптама мерзімі тоқтатылмайды.

Сараптама жүргізу мерзімі материалдар қабылданған күннен бастап есептеледі. Сот сараптамасы органында кезекшілік белгіленген сараптама түрлері бұған жатпайды: олар бойынша мерзім материалдар тіркелген күннен бастап есептеледі.

Сараптама жүргізу мерзімі сарапшының қорытындысын кеңсеге тапсырған күні аяқталады.

Жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға жүргізілетін зерттеулер

Сот сараптамасы органының сарапшылары мен жеке сот сарапшылары маман ретінде әрекет ете отырып, заңды және жеке тұлғалардың жазбаша өтініштері бойынша ғылыми құралдар мен әдістерді пайдалана отырып, шарт негізінде зерттеулер жүргізеді.

Алайда зерттеу нысаны құқықтық бағалау немесе сарапшылар қорытындыларының негізділігі мен дұрыстығын тексеру болып табылатын зерттеулерді жүргізуге жол берілмейді.

Құжатқа басқа да өзгерістер енгізілді.

Бұйрық 2026 жылғы 4 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі. Құжаттың жекелеген абзацтарына қатысты ерекшеліктер бар.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: