Кредиттік бюро қызметін жүзеге асыруға рұқсатты қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган береді.
Рұқсат алу үшін заңды тұлға "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы уәкілетті органға өтініш жолдайды.
Өтінішке белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен құрылтай құжаттарының электрондық көшірмелерін қоса беру қажет.
Өтініш келіп түскен күні қабылданып, тіркеледі, содан кейін орындау үшін жауапты бөлімшеге жіберіледі.
Өтініш портал арқылы жолданған кезде "жеке кабинетте" мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салудың қабылданғаны туралы мәртебе автоматты түрде көрсетіледі. Онда қызмет нәтижесін алатын күн мен уақыт та жазылады.
Жауапты бөлімшенің қызметкері ұсынылған құжаттардың толықтығын бір жұмыс күні ішінде тексереді.
Құжаттардың толық ұсынылғаны анықталған жағдайда, жауапты бөлімшенің қызметкері екі жұмыс күні ішінде олардың кредиттік бюролар туралы заң талаптарына сәйкестігін қарайды. Содан кейін кредиттік бюроның талаптарға сәйкестігі туралы акт алу үшін құжаттарды комиссияға жібереді.
Өтініш пен құжаттарда қателер немесе дәлсіздіктер анықталған, олардың нысаны мен мазмұны талаптарға сай келмеген немесе құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, мемлекеттік қызмет көрсету процесі тоқтатыла тұрады.
Комиссия 10 жұмыс күні ішінде өтініш берушіні тексеріп, сәйкестік туралы актіні дайындайды және оған қол қояды.
Бұдан кейін сәйкестік туралы акт қол қою үшін тексерілетін кредиттік бюроның өкіліне жіберіледі.
Құжаттар мен актіні қарау нәтижелері бойынша жауапты бөлімше рұқсаттың жобасын немесе рұқсат беруден бас тарту туралы дәлелді жауапты дайындайды.
Жауапты бөлімшенің қызметкері рұқсат жобасына немесе дәлелді бас тартуға қол қойылғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде портал арқылы өтініш берушінің "жеке кабинетіне" рұқсат берілгені туралы хабарламаны не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты жібереді. Хабарлама уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ-сымен қол қойылған электрондық құжат түрінде жолданып, оған сәйкестік туралы актінің электрондық көшірмесі қоса беріледі.
Уәкілетті орган рұқсат пен сәйкестік туралы актіні мерзімсіз береді.
Сондай-ақ құжатпен бірқатар басқа қаулыларға өзгерістер енгізілді.
Қаулы 21 қазаннан бастап күшіне енеді.