Аталған баптарда қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін айқындау, мүлікті тәркілеу және қамауда болған уақытты жаза мерзіміне есепке алу тәртібі реттелген.
Өтініш берушінің бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе ысырап ету және алаяқтық жасағаны үшін сотталуы өтінішке негіз болған. Сот оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу шартымен бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Өтініш берушінің пікірінше, заңнамада ауырлығы шамалас қылмыстар жасаған адамдар үшін жаза өтеу шарттары мен қамауда болған уақытты есепке алу тәртібінде айырмашылықтар қарастырылған. Оның пайымдауынша, бұл заң мен сот алдындағы теңдік конституциялық қағидатын бұзады.
Конституциялық сот Қылмыстық кодексте жаза түрлері, оларды өтеу шарттары, сондай-ақ жаза мерзімін есептеу және қамауда болған уақытты есепке алу қағидалары белгіленгенін атап өтті. Бұл нормалар заңда көзделген қылмыс санаттары мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлеріне қарай қолданылады.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 62-бабына сәйкес, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақыт бас бостандығынан айыру мерзіміне мекеменің түріне қарай есептеледі:
- ең жоғары, төтенше және толық қауіпсіздік мекемелерінде – бір күнге бір күн;
- орташа қауіпсіздік мекемелерінде – бір күнге бір жарым күн;
- ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде – бір күнге екі күн.
Конституциялық сот қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін айқындау, жаза мерзімін есептеу және қамауда болған уақытты есепке алу тәртібін белгілеу заң шығарушының құзыретіне жататынын атап өтті. Тиісті қағидалар қылмыстық заңнамада бекітілген.
Ал мүлікті тәркілеуді реттейтін Қылмыстық кодекстің 48-бабына қатысты өтініш беруші оның Конституцияға қайшы екенін дәлелдейтін құқықтық уәждер келтірмеген. Сондай-ақ бұл норманың өз ісінде қалай қолданылғанын түсіндірмеген. Сондықтан Конституциялық сот аталған бапқа құқықтық баға берген жоқ.