Қазақстанда шетелдік құжаттарды заңдастыру: Конституциялық сот түсініктеме берді

Фото: пресс-служба акимата Алматы
Конституциялық сот Құжаттарды заңдастыру қағидаларының 10-тармағы 2 тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өтініш ерлі-зайыптылардың некеде бірлесіп жинаған мүлкін бөлу жөніндегі дауға байланысты түскен. Неке бұзылғаннан кейін бұрынғы күйеуі Солтүстік Кипр Түрік Республикасының аумағында ортақ мүліктегі үлесіне құқығынан бас тарту туралы құжат рәсімдеген. Дауды қараған апелляциялық сатыдағы сот бұл құжатты Қазақстанда заңдастыру қажет екенін көрсетіп, оны жол берілмейтін дәлелдеме деп таныған.

Өтініш берушінің пікірінше, соттар Қазақстан қатысушысы болып табылатын, шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабын жоятын 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясының ережелерін ескермеген.

Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясы аясында әзірленген бұл конвенцияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық үшін маңызы зор. Ол дәстүрлі консулдық заңдастыру рәсімін бірыңғай куәландыру нысаны – апостильмен алмастырып, ресми құжаттарды шетелде пайдалануды жеңілдетеді.

Мұндай тәртіп конвенцияға қатысушы бір мемлекеттің аумағында берілген және оған қатысушы басқа мемлекетте пайдалануға арналған құжаттарға қолданылады. Бұл мемлекеттер арасындағы құжат айналымын едәуір жеңілдетіп, халықаралық қатынастардағы құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сонымен бірге Конституциялық сот өтініште қағидалардың 10-тармағы 2) тармақшасының мазмұнын тексеру сұралғанымен, келтірілген уәждер іс жүзінде нақты дауды шешу кезінде соттардың заңнаманы қолдануымен келіспеуге және қабылданған сот актілерін бағалауға бағытталғанын анықтады.

Сот нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру өз құзыретіне жататынын түсіндірді. Ал нақты істерді қарау кезінде халықаралық шарттар мен ұлттық заңнаманы қолдану, дәлелдемелерді бағалау және сот шешімдерінің заңдылығын тексеру мәселелерін соттар шешеді.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев мәслихат сайлауына қатысты тапсырма берді

ҰҚК-нің жаңа төрағасы тағайындалды

Атырау тұрғыны смарт-сағат үшін жанжал шығарып, үш жылға сотталды

Ренат Айтаев президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды

Студент қыз сегізінші қабаттан құлап, аман қалды