«Жылдың Start-up идеясы» байқауының қатысушылары сұйық жұмыртқа түрін ойлап тапты, - деп хабарлайды Baq.kz.
Идея авторы Рымкеш Мусалинованың айтуынша, сыйымдылығы 0,3 литр болатын бөтелкеде тауықтың 30 саруызы мен 6 ақуызы болады екен. Бағасы шамен – 200 теңге.
«Менің сұйық жұмыртқа әзірлейтін жобам «Ovum» деп аталады. Біз ақуыз бен саруызды бөлек әзірлейміз. Мұнымен қатар, азық-түлікті майлылығына қарай бірнеше түрге бөлдік. Спортшылар жаттығудан кейін ішуге арналған және бірден тамаққа қосуға болатын сұйық жұмыртқа түрлері бар. Жарамдылық мерзімі – 25 күн. Алдағы уақытта Польшадан арнайы құрылғы алдыруды жоспарлап отырмыз. Сол кезде жұмыртқалардың сақталу мерзімі 56 күнге дейін ұзарады. Бірақ, әзірге барлығын қолмен жасап жатырмыз. Командамда 5 адам бар. Ойлап тапқан өніміміздің аналогы Қазақстанда жоқ. Қазір Астана мен Қарағанды қалаларынан тапсырыс алып жатырмыз», - дейді Рымкеш Мусалинова.
Мұнымен қатар, идея авторы аталған жұмыртқаларды тасымалдау оңай екенін айтып өтті. Осылайша, үй шаруасындағы әйелдердің жұмысын жеңілдетпек болған екен. Идеяны толықтай жүзеге асыру үшін 77 млн теңге қажет.
Байқау барысында павлодарлық кондитерлік компания осы жобаға қызығып, екі тарап келісім-шарт жасасып үлгерген.
Фото: baq.kz