Талдықорғанда үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті

Жыл қорытындысы бойынша облыстағы ҮЕҰ-ның үздік әлеуметтік жобалары марапатталды.
Бүгін Талдықорған қаласының Көрме кешенінде үкіметтік емес ұйымдардың «Бәсекеге қабілеттілік. Прагматизм. Сананың ашықтығы» атты облыстық форумы өтті. Онда өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар жұмысының қорытындысы және ҮЕҰ-ның мемлекеттік органдармен ынтымақтастығын дамыту мәселелері талқыланды.

Форум қатысушыларына облыстағы ҮЕҰ-ның үздік әлеуметтік жобаларының көрме-таныстырылымы ұсынылды. Сонымен қатар, аймақтық ұйымдар жұмысы туралы шағын сюжет көрсетілді.



Форумды облыс әкімі Амандық Баталов ашты. Ол өз сөзінде қатысушылардың жұмысына сәттілік тілей отырып, форумның ҮЕҰ қызметін жетілдіру, тәжірибе алмасудағы рөлін атап өтті.

- Облыстағы ҮЕҰ, әсіресе, халықты әлеуметтік қорғау салаларында, білім беру мен спорт, жастар саясаты мен балалардың құқығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың құқығын қорғау салаларында белсенді жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні өңірде ҮЕҰ-ның 148 түрлі әлеуметтік жобалары жүзеге асырылуда. Астанада 59 ҮЕҰ марапатталған басқосуда Алматы облысының 5 ұйымының да еңбегі аталып өтілді. Бұл өңірдегі ҮЕҰ жұмысының жемісі деп білемін, - деді А. Баталов.



Сондай-ақ, облыс басшысы өз сөзінде Алматы облысында 388 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтінін және олардың 60 % ауылдық елді мекендерде тіркелгенін айтты.

Жиында бірқатар спикерлер сөз алды. Олардың қатарында «Enactus Қазақстан» қорының президенті Альбина Ержанова, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ басшысы Нұрлан Өтешев, Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорының басшысы Светлана Садуақасова және басқалары бар. Олар биылғы жылда жасалған жұмыстардың қорытындысын және алдағы жоспарлар туралы баяндады.



Жыл қорытындысы бойынша облыстағы ҮЕҰ-ның үздік әлеуметтік жобалары марапатталды. Олар, «Жамбыл ауданының әйелдерге көмек көрсету орталығы», «Парыз», «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастығы», «Қамқор» қоғамдық бірлестіктері. Жеңімпаздардың әрқайсысына 100 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды.



Шара соңында облыс әкімдігі, Алматы облысының Азаматтық Альянсы және «Азаматтық бастамаларды қолдау қоры» ҮЕАҚ, «Еуразия Орталық Азия» қоры, «Enactus Қазақстан» қоры арасында меморандум жасалып, Алматы облысының Азаматтық Альянсының жетісулықтарға рухани жаңғыру туралы үндеуі қабылданды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: