Бүгін жалпыұлттық телекөпір барысында Маңғыстауда 3 жаңа нысан іске қосылды

Бұл кәсіпорындарда Отандық өнім шығарылып, қазақстандық мамандар жұмыс істейтін болады
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні өтуде. Іс-шара «Нұрлы жол» және елді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына арналды. Жалпыұлттық телекөпір аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа өндірісті іске қосты. Бұл кәсіпорындарда Отандық өнім шығарылып, қазақстандық мамандар жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды zakon.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Қазақстан Тәуелсіздіктің 26 жылында жаһандық реформалар мен ауқымды жаңару жолынан өтті. Жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық экономикаға түбегейлі бет бұрды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік дағдарысқа жауап ретінде Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырып, индустриялық-инновациялық дамыған ел қалыптастырды. Қазақстан шетелдік инвестиция тартудан аймақтық көшбасшыға айналды. Еліміз жаһандық өндіріс тізбегіне енуді жалғастырып жатыр. Мемлекет басшысы бүгін де ауқымды жобалардың келесі кезеңін жалғастырды. Бұл жолы басты назар - технологиялық қайта жабдықтау мен цифрлы технологияларға көшу жылдамдығына аударылды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жалпыұлттық телекөпір шеңберінде Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы Құрық ауылындағы паром кешенінің ІІ кезеңін іске қосты. Жобаның құны - 97,7 млрд. теңгені құрап, порттың қуаттылығы жылына 7 млн тоннаға жетті. Құрық порты арқылы экспорттық және транзиттік жүктерді Транскаспий дәлізінде әлемдік нарыққа тасымалдау жоспарланып отыр.

Телекөпірде «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компания» АҚ инфрақұрылымдық жобалар бойынша вице-президенті Бауыржан Орынбасаров сөз алды.



«Құрметті Нұрсұлтан Назарбаев! Құрық порты - Транскаспий халықаралық көлік бағдарының маңызды түйіні. 2017 жылы Құрық портында 1 млн. 200 мың тоннадан астам жүк тиелді. Жаңа іске қосылған автокөлік паромы – қосымша 2 млн. тонна жүк артуға мүмкіндік бермек. Бүгін біз Еуропа елдері мен Түркияға жаңа бағыттарды жібермекпіз»,- деді.

Жаңадан ашылған және бір нысан "Шетпе-Ақтау" автомобиль жолы. Жобаның құны - 92 956 млн. теңгені құрайды. 2020 жылға қарай жүк тасымалдау көлемі "Бейнеу-Ақтау" автожолының учаскесінде 16 200-30 700 мың тоннаны құрайды дейді, сала мамандары. Осылайша, көліктік-логистикалық орталықтарды құру арқылы шекаралас жатқан Өзбекстан, Түркіменстан елдерімен қарым-қатынасты нығайтып, Каспий маңы аймағының дамуына, өңір экономикасының өсуіне "Бейнеу-Ақтау" автожолы ықпал етпек.

«Құрметті Елбасы! «Ақтау-Шетпе» жол бөлігі «Астрахань-Атырау-Ақтау-Түрікменстан шекарасы» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіреді. Бұл – Ресей және Шығыс Еуропаны Орталық Азия елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол. Жүк тасымалының көлемі жылына 3 миллион тоннаны құрап, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының мүмкіндігін арттырады»,- деді ҚР ИДМ Автокөлік жолдар Комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев.

Әрі қарай телекөпір аясында Маңғыстауда «Арцеллор Миттал» компаниясының түиістіріп дәнекерлеу құбырларын өндіру цехы пайдалануға тапсырылды.

«Сәйкесінше, Транскаспий бағытымен Қытайдан Құрық арқылы Әзербайжанға, Грузияға және Түркияға жіберілетін жүктер – Қара теңіз портына шығатын жолдар дәл осы Құрық арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да, біз аталған портқа ерекше маңыз береміз, және оны пайдалануға беру кезінде алдын ала жоспарланған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткіземіз деген сенімдеміз», - деді Роман Скляр

Жобаның құны шетелдік инвесторлардың қатысуымен 6,8 млрд. теңгені құрап отыр. Зауыт барлық Каспийдің бүкіл өңірінде бірегей, технологиялық жағынан толыққан өнеркәсіп кешені болып табылады. Өндіріс қуаты жылына 300 шақырым құбыр шығаруға қабілетті. Өндірістің әр бөлігі автоматтандырылған және құбырдың сапасының жоғарылығын тексеретін бақылаудан өтеді.

Елбасы аталған жобалардың іске асуына сәттілік тілеп, кәсіпорын ұжымымен тілдесті.

Жалпыұлттық телекөпір шеңберінде 25 нысанның 10 мыңға тарта жұмысшысы жаңа индустриалды серпілістің тікелей куәгері болып, шараны 18 миллион Қазақстандық тамашалады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Маңғыстауда жалпы құны 1 млрд. 847 млн. теңге құрайтын 3 жоба пайдалануға беріліп, 195 жаңа жұмыс орны ашылған.

Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: