Павлодарда №2 қалалық қылмыстық сотында оқушы қыздың өлімімен аяқталған қыркүйектегі жантүршігерлік жол апатына кінәлі 30 жастағы трамвай жүргізушісіне қатысты процестің шешуші кезеңі басталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Жантүршігерлік оқиғадан он жастағы қызы қайтыс болып, сегіз жастағы қызы жансақтау бөліміне түскен Шынар Уәлитова осыған дейін 1,5 миллион теңге сұратқан азаматтық талабынан бас тартты.
Сот ақылдасу бөлмесіне кеткен кезде Шынар көз жасын ұстай алмады. Қорғаушылары сұраған өзара бітімгерлік келісім жасалған жоқ.
Екі жақтық пікірталаста мемлекеттік айыптаушы Камила Сариева соттан трамвай жүргізушісін бас бостандығынан айыруды сұрады.
- Сотталушыны ҚР ҚК 345 бабы, 3-бөлімі бойынша кінәлі деп танып, оны екі жыл алты ай бас бостандығынан айыруды сұраймыз, - деді айыптаушы.
Айыпталушының адвокаты Людмила Шевченко соттан жол апаты орын алған кездегі жағдайларды ескеруін өтінді: жаңбыр, нашар көрініс, жүгіріп өткен қыздардың көрінбей қалуына себеп болған трамвай жолы бойындағы қоршаулар.
Сонымен қатар, адвокат сотталушының осыған дейін еш жерде істі болмағанын, өз жұмысында жақсы көзқарасқа ие екендігін және алты жастағы баланы тәрбиелеп отырғанын атап өтті. Осы жағдайларға сүйене отырып Людмила Шевченко соттан айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды өтінді. Егер сондай жаза қолданса, оның қорғауындағы азаматша жазаны бес жыл кейінге қалдыра алады.
Бұл күні сотталушының соңғы сөзі айтылды.
- Мен қайтыс болған қыздың анасынан кешірім сұраймын. Құрметті сот, менің де кішкентай балам бар екенін ескеруіңізді өтінемін. Мен қатты өкінемін, маған өте ауыр, күн сайын анасы мен баласы үшін дұға тілеймін.
Еске салайық, жантүршігерлік апат 7-қыркүйек күні орын алған. Трамвай екі оқушы қызды басып кетті. Салдарынан он жастағы Махаббат көз жұмып, сегіз жастағы Марал жансақтау бөліміне түскен.
Шынар Уәлитованың балаларын жалғыз өзі өсіріп отырғанын білген павлодарлық «Еріктілер клубы» мен облыстық білім саласының қызметкерлері қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Халықтың жиналған қаржысына зардап шеккен отбасыға Екібастұз қаласынан үш бөлмелі пәтер сатып алынып, қажетті жиһаздары жеткізілді.
Ал, екі миллионнан астам жиналған ақшаны Шынар марқұм қызының құрметіне шұғыл отаға мұқтаж балалардың отабасына аударып берді.