Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай «Қазақстан халқы Ассамблеясы – Елбасы құрған бірегей институт» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың ұйымдастыруымен өткен жиынға ғалымдар, облыстық этномәдени бірлестіктер мен ассамблея жанындағы құрылымдардың жетекшілері, діни конфессиялардың өкілдері қатысты.
Мәжілісті ашып, жүргізген ОҚО ҚХА төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.О.Қалмұратов Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап Мемлекет басшысы еліміздегі алуан түрлі мәдениеттер мен этностар арасында төзімділік қарым-қатынасты қалыптастырудың мақсаты мен дәйекті саясатын ұстануды ұсынғанын айтып, жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың маңыздылығына, Елбасының тарихи шешімдеріне кеңінен тоқталды.
Шара аясында Елбасы туралы кітап көрмесі ұйымдастырылып, арнайы әзірленген бейнефильм көрсетілді. ОҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.к., доцент Асхат Есенәлиев, ОҚМПУ профессоры, т.ғ.к. Сағынғали Әбубәкіров, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессоры, п.ғ.д. Нигматжан Алметов және облыстық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак баяндама жасап, Мемлекет басшысының жалпыұлттық бірлік саласындағы салиқалы саясатын, әлемдік аренадағы биік беделін, ел экономикасын арттыру жолындағы жасампаз еңбектері туралы сөз сөйледі.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі