8 желтоқсан Ақмола теміржол бөлімшесінің Атбасар станциясынан Қытайдың Сиань қаласына астық тиелген контейнерлік пойыз жөнелтілді.
82 контейнерден тұратын пойыз жолаушылар қозғалысы секілді белгіленген кестемен арнайы бағдармен жіберілді. Ол арқылы пойыздың тұру уақыты қысқарады.
«Контейнермен астық жөнелту жолдағы уақытты қысқартып, вагон айналымын ұлғайтады. Жүктің белгіленген бекетке қауіпсіз жетуін қамтамасыз етеді»,- дейді Атбасар станциясының бастығы Серік Қайниденов.
Қазіргі таңда, әлемдік тәжірибеде алыс қашықтықтарға жүкті контейнермен тасымалдау тиімді тәсілдердің бірінен саналады. Әмбебап контейнерлерді пайдалану барлық көліктердегі жүкті түсіріп, тиеудегі қолайлығына, жүктерді өңдеу оңайлығына байланысты жүк тасымалдаудың арзандығына сәйкес таңдалынып отыр. Оған аралық тасымалдау кезінде қоймалар да қажетсіз.
Контейнердің қолайлылығы сонда, оны теміржолмен, автокөлікпен, су көлігімен де тасымалдауға болады.
«Бұл жоба жүк жеткізудің географиялық ауқымын өсіре түседі. Енді біз жүкті шекаралық станцияға дейін, қоймадан қоймаға дейін жеткіземіз. Контейнерді пайдалану астық өнімдеріне жабық вагондарды пайдалануды алмастырады. Біз ұн өнімдерін республикаішілік және экспорттық бағдарда тасымалдай аламыз»,-дейді С. Қайниденов.
Бұл жобаны жүк жөнелтушілер де қуаттап, қолдап отыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атбасар ауданы филиалының директоры Роза Тасмағамбетованың айтуынша, «мұндай жоба жүк жеткізу шығынын азайтады. Бұл ауыл шаруашылығы бизнесінің тиімділігін көтереді.
«Астық тасымалдауды жетік ұйымдастыру арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілері өздерінің міндеттемелерін уақытында орындап, несиелерін уақытында төлей алады. Еңбеккерлерге айлығын да уақытында төлейді. Бұл біздің өңір үшін өте маңызды»,-дейді Р. Тасмағамбетова.
Дерек көзі: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі