Салықшылар мен автотасымалдаушылар арасындағы тартыс салдарынан Өскемендегі қоғамдық көліктер тоқтап қалуы мүмкін. 2017-ші жылдың соңына қарай қоғамдық көлік тасымалы саласы үлкен жайсыздыққа тап болды, деп хабарлайды altaynews.kz.
ШҚО мемлекетттік кірістер департаментінің мамандары алты ірі тасымалдаушы-компанияға 4,5 мллрд теңге төлеуді талап етіп отыр.
Көлік тасымалымен айналысатын ұйымдардың құқығын қорғау үшін ШҚО кәсіпкерлер палатасы, шағын және орта бизнес жұмысшыларының кәсіподақ ұйымы, Өскемен қалалық әкімдігі мен ҚР Бас прокуратурасы ат салысып жатыр.Егер салықшылардың талабы бойынша бұл компаниялардың есеп-шоттары бұғатталса,онда автобустар тоқтайды деген сөз, өйткені олар жанармайсыз қалады.
Салықшылармен тасымалдаушылар арасындағы даудың мазмұны мынадай: ШҚО кірістер департаментінің мамандары өткен жылы тексерістерден кейін, транспорт ұйымдарының басшылары жеке кәсіпкерлермен яғни автобус жүргізушілерімен өзара келісімшарт жасау барысында заңды белшесінен басқандығын анықтаған. Бұл заңсыздық бойынша олар қосымша құн салығымен корпоративтік табыс салығын айналып өтіп отырған. Соманы санай келе, салықшылар 4,5 мллрд теңгені есептеп берген.
Осындай нұсқаны айтып отырған ШҚО кәсіпкерлер палатасының төрағасы Игорь Шацкий мән-жайды толыққанды анықтап, қарастыруды сұрап облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановқа хат жолдады.
Хатта, «қаладағы ірі автотасымылдаушылардан қомақты соманы мәжбүрлі түрде өндіріп алу амалдары аталған ұйымдардың жұмысын тоқыратады, сәйкесінше жолаушылар автобустары да тоқтайтын болады,өйткені олар тіпті жанар жағар май да сатып ала алмайды. ШҚО кірістер департаменті «виртуалды» есептеулер жүргізіп отыр және ол өте ірі көлемде болғандықтан ешқашан өндірілмейді де»- деп жазылған.
Тасымалдаушылар өз тараптарынан салықшылардың талаптарына шағымдануға тырысып жатыр. Олар облыс әкімдігіне, ШҚО прокуратурасынан көмек сұраған. Аталған сала мамандары келеңсіз даудың бүге-шігесін қарастырып, ШҚО кірістер департаментінің шешіміне өз наразылықтарын білдірді. Қазір бұл дау-дамайды шешуге ҚР Бас прокуратурасының да араласқаны белгілі болды.