Қарағандыда үш жастағы қыз инфекциялық ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Today.kz.
Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің басшылығы 3 қаңтарда облыстық инфекциялық аурухананы жоспардан тыс тексеруге кірісті. Үш жастағы Айзере Қаһарманова осы жерде 31 желтоқсан күні таңда қайтыс болған.
Облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің медициналық мәселелер бойынша басшысының орынбасары Ольга Смирнованың сөзінше, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитет басқармасына жоспардан тыс тексерістің тағайындалғаны тіркелген.
Жоспардан тыс тексеріс науқас Айзере Қаһарманованың емделген мекемелерінде - бала жатқан поликлиникада, инфекциялық ауруханада жүргізіледі. Комиссия құрамына инфекционнист, педиатр, рентгенолог, патологоанатом кірген.
Үш жастағы Айзере Теміртауда анасымен бірге тұрған, ол №4 поликлиникаға тіркелген. Жаңа жылдағы демалыс күндерінде Диана Қаһарманова қызымен бірге Қарағанды облысы, Майқұдық ауданында тұратын әжесіне қонаққа келген. Осы жерден қызы "бронхит" диагнозымен ауруханаға жатқан.
"Тексеріс барысында инфекциялық аурухананың дәрігерлері науқас бала туралы поликлиникаға хабар берді ме, жоқ па, соны анықтаймыз. Ережеге сәйкес, егер науқас ауыр жағдайда өз еркімен медициналық мекемеден шығатын болса, онда дәрігерлер поликлиникаға ол туралы хабарлауға міндетті", - деді Ольга Смирнова.
Заңнамаға сәйкес, тексеріс 30 жұмыс күнінің ішінде жүргізіледі.
Қайтыс болған қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Диананың сөзінше, 23 желтоқсанда қызы қатты жөтелген.
"Біз жедел жәрдем шақырттық, ол бізді инфекциялық ауруханаға апарды. "Бронхит" деген диагноз қойылды. 28 желтоқсанда біз емделіп болдық, 29 желтоқсанда ауруханадан шығуға дайындалдық. Бірақ қызым бірдеңеден уланып қалды. Дәрігерлер ауруханадан шығар алдында жеген колбасадан болуы мүмкін деді. Ауруханада қалуға мәжбүр болдық. 29 желтоқсан таңертеңгі сағат 10-да дәрігер баланың асқазанын шаю керектігін айтты. Асқазанын шайып болған соң, бала құсуын тоқтатты, бірақ іші өте бастады. Дәрігерлер бұны "дұрыс реакция" деді. Балаға бес бірдей құсуға қарсы екпе жасады. Бірақ баланың іші өте берді, қызуы көтерілді. Медбике парацетамол берді. 30 желтоқсан таңертең температурасы қайтадан 39,5-ке көтерілді. Медбике тағы да парацетамол берді. Түсқайта қайтып қызуы көтерілді. Бұл жолы парацетамол көмектеспеді. 30 желтоқсанда ауруханадан шығып, үйге келдік. Қызымның іші өте берді, қызуы 40 градусқа дейін көтерілді. Біз қайтып жедел жәрдем шақырттық, бізді қайтадан инфекциялық ауруханаға апарды. Мен жылап жүріп дәрігерлерден қызымды құтқаруды сұрадым. Дәрігерлер аса мән бермеді. Таңғы жетіде келген дәрігер қызымның жағдайын көріп "дұрыс реакция" беріп жатқанын айтты. Айзере дірілдей бастады, ол мені көрмей қалды. Естімеген де болуы мүмкін. Палатадан жүгіріп шығып, дәрігерлерді шақырдым. Палатаға кіріп, қызымды құшақтадым. Ол кірпігін қақпай қалды. Терең тыныстады да, өліп кетті", - деді Диана Қаһарманова.