Шымкентте қарақшылар тобы ұсталды

Күдіктілердің былтыр қарашада букмекерлік кеңсеге жасалған қарақшылық шабуылға қатысы бар болып шықты.

Шымкентте қарақшылықпен айналысқан төрт адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды sputniknews.kz Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.

2018 жылдың 8 қаңтарында Шымкент қаласы ІІБ Еңбекші бекетінің кезекші бөлімшесіне дүкенге қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабар келіп түсті. Полицейлер анықтағандай, азық-түлік дүкеніне бетін бүркеген белгісіз біреулер кіріп, сатушыны шолақ мылтық және шоқпармен қорқытып, сексен мың теңге қаражатты тонап кетіпті.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстады. Жас жігіттер дүкендерді ғана емес, букмекерлік кеңселер мен жанармай бекеттерін де тонаумен айналысқан екен.

Мәселен, былтыр қылмыстық топ Сарыағаш ауданындағы букмекерлік кеңсеге шабуыл жасаған. Сол жолы оператор қызды қарумен қорқытып, 250 мың теңге тонап кеткен.

Олардың жеті қарақшылық шабуылға қатысы бары анықталды. Сотқа дейінгі амалдар жүргізіліп жатыр, күдіктілер қамауға алынды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: