Еріктілер бір жарым мыңдай адамға ыстық шайды тегін таратты

Астана қаласы әкімдігінің және Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтіп жатқан акция аптаның соңына дейін жалғасатын болады.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері мен белсенділері «Астана - мейірімді қала, мейірімді жастар» жобасы аясында қала тұрғындарына көмек көрсету бойынша акция ұйымдастырды деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен тұрғындарды тиісті жайларына жеткізу мақсатында қоғамдық көліктер ұйымдастырылды. Автобустар таңғы және кешкі уақытта қала ішінде ғана емес, «Қосшы», «Үркер» елді-мекендерінде де жұмыс істейді.

«Кеше таңғы сағат 7:00 мен 9:00 және кешкі сағат 18:00 мен 20:00 аралығында аялдамаларда қоғамдық көлік күткен 300-ге жуық тұрғын тиісті мекен-жайларына жеткізілді. Тұрғындарды тиісті мекен-жайларына дейін бір Газель мен үш автокөлік жеткізеді», - деп атап өтті орталықта.

Бұдан бөлек, еріктілер қаланы арнайы көлікпен аралай отырып, елорданың адам көп шоғырланған аялдамаларына барып, бір жарым мыңдай адамға ыстық шайды тегін таратты.

«Қазір Астанада күн қатты суық. Аяз күшейіп тұр. Аяздың сезілуі минус 50°С-ты құрайды. Біз аялдамаларда автобус күтіп тұрған тұрғындарды жылыту үшін осындай акцияны бастап отырмыз. Қаламыздың тұрғындарына ыстық шай мен кофені тегін беріп, оларға үйге дейінгі қоғамдық көліктердің тегін ұйымдастырылатыны туралы хабарлап айтамыз», - деді «Астана Жастары» КММ-нің директоры Мұхамеджан Болысбек.

Астана қаласы әкімдігінің және Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен өтіп жатқан акция аптаның соңына дейін жалғасатын болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: