Ақтөбеде мектепке бара жатқан 5 сынып оқушысын көлік қағып кетті

Білім ордасының басшысы бұл тіркелген бірінші оқиға еместігін айтады.

№8 орта мектебінің 5 сынып оқушысы сабаққа бара жатқан сәтінде көлік қағып ажал құшты, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Қаланың ескі бөлігіндегі Шығанақ Берсиев атындағы көшенің мектепке барар тұсында көлік оқиғасы көп тіркеледі. Жаяу жүргіншілер өтетін жерде көлік жүргізушілері жылдамдығын тежей алмай оқушыларға залалын көп тигізген болатын.

«Мектебіміздің 5 сынып оқушысы Ибрагим Рабдурахим екінші ауысымда оқитын. Сабаққа келе жатқан сәтте жаяу жүргіншілер өтетін жерден көлік қағып кеткен. Қасында бірге болған мектеп оқушылары келіп бізге бірінші хабарлады», — дейді мектеп директоры Айсұлу Берікқызы.

Білім ордасының басшысы бұл тіркелген бірінші оқиға еместігін айтады. Тіпті, тиісті органдарға да хат жазғанмен, әлі тиісті шаралар жасалмай жатқаны туралы жеткізді.

«Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы полковник Қаныбек Жақсығалиевке былтыр 25 желтоқсанда хат жіберген болатынбыз. Жауап болмаған соң, биыл 22 қаңтарда қайта жолдадық. Екі күннен кейін тиісті мамандар келіп қараған. Бірақ, әлі нәтиже жоқ», — дейді Айсұлу Берікқызы.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: