Отандық дәрігерлер жалақыларын жаңа тәртіп бойынша алуы мүмкін

Бүгінде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының саны 840-ты құрайды.

Үкіметте денсаулық сақтау саласындағы корпоративтік басқару және менеджментті дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Хабар 24.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау жүйесінде корпоративтік басқару және менеджментті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

Министрлік іске асырып жатқан корпоративтік басқаруды және менеджментті дамыту бойынша жобасы денсаулық сақтау саласындағы заманауи менеджментті дамыту және корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру негізінде тиімді басқару мен денсаулық сақтау субъектілері арасында бәсекелестікті дамытуға бағытталған.

Елжан Біртановтың айтуы бойынша бүгінгі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау ұйымдарының көпшілігі корпоративтік басқару элементтерін енгізуге ықпал ететін байқау кеңестері бар шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйымдарға, АҚ және ЖШС ауысқан.

Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы корпоративтік басқарудың құрылымы шектеулі уәкілеттілігімен Байқау кеңестері және кәсіпорынның жеке-дара басшысынан құрылатынын атап өту қажет.

Cондай-ақ министрлік түпкілікті нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізудің негізінде пилоттық медициналық ұйымдарда ішкі процестерді талдауға, қаржылық нәтижелерге, кадрлық саясаттың тиімділігіне, медицина қызметтерінің сапасына және клиенттердің қанағаттанушылығына қол жеткізуге негізделген олардың қызметінің тиімділігіне рейтингтік бағалау жүргізді. «Корпоративтік басқару принциптерін енгізген медициналық ұйымдарында қызмет тиімділігі принциптерін енгізбеген ұйымдарға қарағанда жоғары» – деп атап өтті Министр.

Бүгінде мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының саны 840-ты құрайды, оның ішінде 750-і шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынға көшірілуі керек. 2017 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын формасына көшірілген мемлекеттік ұйымдардың саны 618 болды немесе 82% құрайды. Қалған 132 ұйымды шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын формасына көшіру 2018 жылы жоспарланған. Осылайша 2018 жылдың соңында шаруашылық жүргізу құқығына көшіруді 100% қамту қамтамасыз етіледі.

Сонымен бірге министрлік көшбасшылық және кәсіби менеджментті дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. «Медициналық ұйымдарды арнайы дайындықтан өткен басшылар басқаруы тиіс. Осындай мақсатпен «Денсаулық сақтау менеджменті» магистратурасының жаңа мамандығы енгізілген, магистрларды дайындау үшін оқыту бағдарламалары, үлгілік оқыту жоспары әзірленді және тәуелсіз сертификаттау енгізіледі», – деп хабарлады Елжан Біртанов.

Соңында министр медициналық ұйымдарды корпоративтік басқару және менеджментті дамыту үшін Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымының жетекші принциптеріне сәйкес корпоративтік басқару принциптері мен тұжырымдамаларын заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылғанын атап өтті.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: