Дастан Оразбеков өнердегі ең жақын досы Айқын Төлепбергеннің екі отбасын асырап отырғанын ашып айтты. Ол ата-бабаларымыздың тоқал алғанын алға тартып, Айқынның оғаш қылық жасамағанын атап өтті. Бұл туралы ол Зарина Мүсілімнің “Сөккен әңгіме” бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.
“Өтірік айтпай-ақ қояйын, Айқынды сөккен жоқпын. Одан әлдеқайда жаман нәрсе жасаған азаматтар көп. Ол ел алдында жүргеннен кейін осындай сөгістің астында қалды. Бір жақсы қасиеті – ол өзінің алғашқы жанұясын тастап кеткен жоқ, олардан кетіп қалмады. Ол солармен бірге. Әлі күнге дейін көмектеседі, баласына да, қызына да барады. Екі жаққа да үлгеруге тырысып жатыр. Ол шектен шыққан жоқ. Ол соншалықты жаман әрекет жасаған жоқ. Біздің ата-бабаларымыз үш-төрт әйелден алған. Өзімнің атамның төрт әйелі болды”, – дейді Дастан ағынан жарылып.
Алайда Оразбеков өзім екінші әйел алмас едім дейді. Оның себебін сері былай деп түсіндірді.
“Әр азаматтың өз пікірі болады. Бірақ өзім екінші әйел алуға қарсымын. Маған бір әйел де жетеді. Оның өзіне әрең “шыдап” жүрмін (күліп). Негізі өмір бойы бір әйелді сүю – үлкен ерлік. Дәл солай әйел азаматшасы үшін де бір еркекті сүйіп өту – ерлікпен пара-пар. Мүмкін ата-бабаларымыздың жаны кең болған шығар. Бірақ мына заманда бір әйелдің өзі былай жеткілікті деп ойлаймын”, – дейді Дастан.