Жаңалықтар тізбегі
0

Құрбан айтта жасалатын амалдар мен тың деректер

Главная мечеть Астаны, религия, мусульманство, мусульманская вера, ислам, мусульмане , сурет - Zakon.kz жаңалық 13.06.2024 13:38 Фото: akorda.kz
Ислам дініндегі қасиетті мерекелердің бірі Құрбан айт 2024 жылы 16 маусымға тұспа-тұс келіп тұр. Осынау игілігі мол мерекені қалай өткізген жөн, мейрам күндері қандай амалдар жасау керек, сондай-ақ, Арапа күнінің ерешеліктері туралы Zakon.kz тілшісінің материалында қамтылған.

Құрбан айт

Тілімізге еніп кеткен "құрбан" сөзі араб тілінде – "жақындау" деген мағынаны білдіреді.

Демек, Алланың ризашылығы үшін құрбандық шала отырып, мұсылман баласы жаратқан Иесіне жақындап, күнәларының кешірілуіне мүмкіндік алады.

Ұлық мереке тарихы

Ислам дінінің басты мерекесінің шежіресі сонау ерте заманнан бастау алады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) сынақ ретінде өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, әмірді орындамақшы болады. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла Тағала риза болып, Өз құзырынан құрбандық орнына қошқар түсіреді. Құрбан айт мерекесінің негізінде Алла Тағалаға деген құлшылық пен жақындық, сондай-ақ, баланың ата-анаға деген құрметі мен жақсылығы жатыр.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласынан Мәдина қаласына қоныс аударғанда, Мәдина халқы екі күнді мереке ретінде тойлайтын болған. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "Шындығында, Алла Тағала сендерге ол екі күннің орнына одан да жақсы болған екі күн берді. Оның бірі – Ораза айт, ал екіншісі – Құрбан айт мерекесі", – деген (имам Насаи).

Құрбан шалу - байға міндет, кедейге көмек…

Құрбан шалу міндетті ме?

ҚМДБ мәліметінше, Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде материалдық мүмкіндігі бар, балиғат жасына толған, жағдайы жақсы мұсылман адамға құрбандық шалу – міндет.

Бұл – Алланың мұсылман баласына жіберген әмірі. Бұған қатысты қасиетті Құранда Алла Тағала: "Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбан шал" ("Кәусар" сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Құрбан малын шалмай-ақ, қаражатын садақа қылып беру қаншалықты дұрыс?

"Құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап, қан шығаруы тиіс. Біздің мәзһабта құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет. Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді",- деп жауап берді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.

Құрбан айт-2024: ұлық мереке күні жасалатын амалдар мен дұғалар, сурет - Zakon.kz жаңалық 13.06.2024 13:38

Сурет: ҚМДБ

Құрбандыққа қандай мал шалынады?

Құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:

Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалу. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды. Еті көп, дәмі жақсы болғаны абзал.

Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) "Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық" деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.

  • Ақауы жоқ, мінсіз малды құрбандыққа шалу. Көзі көрмейтін, бір көзі жоқ, ақсақ, тым арық, тістері жоқ, құлағы кесілген, желіні кепкен, құйрығы немесе құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген малды құрбандыққа шалу дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Төрт мал құрбандыққа жарамайды: қылилығы айқын, ауруы анық, ақсақтығы мәлім, жілік майы таусылған (тым арық) малдар", – деген.

Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді.

Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.

  • Белгілі жасқа жеткен малды құрбандыққа шалу. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал, ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Мусиннадан басқасын соймаңдар. Сендерге қиындық туғанда ғана қойдың жазағасын сойыңдар", – деген. "Мусинна" деп бес жасар түйеге, екі жасар ірі қараға, бір жасар қойға айтылады. Әбу Ханифа, қойдың жазағасы оның алты айлығы, деп түсіндіреді.

Алла жолында келесі малдарды шалуға болмайды:

  • Бір көзі соқыр, ақсақ болып жүре алмайтын, тістерінің жартысы жоқ, құлағының немесе құйрығының басым бөлігі жоқ, бір аяғы шолақ немесе өлейін деп тұрған ауру малды;
  • Киік секілді етін жеуге болатын жабайы жануарларды. Жабайы өгіз (буйвол), жабайы түйе (лама) және жабайы қойдан да құрбандық шалуға болмайды. Шағылысқан (будан) болса мәселен жабайы қошқармен үй қойы шағылысса, туған төлі құрбандыққа болады. Ал керісінше жағдайда яғни бір теке киікпен шағылысса, туылған төлі құрбандыққа болмайды, өйткені үкім бойынша анасына қаралады. Анасы үй жануары болса құрбандыққа болады.
  • Аталық бездері кішкентай, буаз (екіқабат), жүндері түлеп кеткен малды;
  • Қой-ешкіде бір, сиырда екі емшегі кесілген болса құрбандыққа болмайды, бірақ баласын емізе алатын болса болады;
  • Құрбандыққа шалынатын өгізге міну немесе оған соқа жегіп жер жырту мәкрух(ұнамсыз) болады.

Құрбандық малы келесі ретпен сойылады

  • малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен құбылаға қарату;
  • құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан);
  • "Бисмилләһи Аллаһу Акбар" деп айту;
  • малдың өңеш, кеңірдек және екі күрме тамырын кесу,
  • малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанын күту.

Құрбандық шалу дұғасы

  • Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылған абзал: "Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ".
  • Мағынасы: "Менің намазым да басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір Аллаға арналады. Оның еш серігі жоқ".
  • Одан кейін: "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд" – деп, тәкбір айтып, "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" деп бауыздалады.
  • Тек қана құрбанның иесінің ғана "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да "Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар" – деуі керек. Әдейі ұмытпастан "Бисмиллаһ" деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам.
  • Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуі де "Бисмиллаһ" деп айтуы керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалуы шарт.
  • Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.

Құрбандық еті қалай үлестіріледі?

Құрбандық еті үшке бөлініп үлестіріледі:

  • өзіне, отбасына;
  • туған-туыс, көрішлеріне;
  • қалған үштен бірі кедей мен мұқтаждарға.

Онлайн құрбан шалуға арналған "Qurban2024.kz" сайты

ҚМДБ құрбан шалу рәсімін онлайн өткізуге арналған "qurban2024.kz" сайтын іске қосты. Енді қазақстандықтар осы платформаға кіріп, құрбандық малын таңдап, Kaspi QR арқылы қажетті қаражатты аудара алады.Тапсырысыңыз сәтті өтсе ұялы телефоныңызға смс хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жіберіледі. Сондай-ақ сайт арқылы құрбандық етін алуға да өтініш білдіруге болады.

https://www.qurban2024.kz/#/kk

Дүниеден өткен адамның атынан құрбан шалуға бола ма?

Дүниеден озған адамның атынан сауап ниетінде құрбан шалуға болады. Бірақ, мойнына құрбан шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиіс. Қайтыс болған адам үшін құрбан шалғысы келген адам оны құрбан айт күндері орындауы шарт. Құрбандық етінен құрбан шалған адамның өзі де, басқалар да жесе болады.

Егер құрбан шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, құрбандық етін оның мұрагерлері жей алмайды. Құрбандықты түгелдей кедей мен мұқтаждарға таратып беру керек.

Жесір әйелге құрбан шалуға болмайды деген рас па?

Егер әйел кісі бақуатты болса, құрбан шалуы – уәжіп. Бақуатты болмаса, құрбан шалуға міндетті емес, дегенмен сауап үшін құрбан шалуына да болады, етін таратпай өзіне қалдыруына құқылы. Ерінің қайтыс болуы құрбан шалуына кедергі емес. Әрбірден соң, мүмкіндігі болса, қайтыс болған ерінің атына арнап бөлек құрбан шалып, сауабын марқұм жарының рухына бағыштап жібергені дұрыс. Бірақ міндет емес.

Қыз баласына құрбан шалуға болмайды дейді, сол рас па?

Әйел кісіге өз қолымен құрбанын шалуына да, сондай-ақ, өзгеге шалдыртқанда қасында қарап тұруына да болады, мұның ешбір ағаттығы жоқ. Бұған дәлел келтірер болсақ, "Әл-Мүстәдрак" атты хадис жинағында келген бір риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.у.) қызы Фатимаға: "Ей, Фатима! Құрбан малыңның қасына барып, қарап тұр! Оның қанының алғашқы тамшысы сенің өткен күнәларыңның кешірілуіне себеп болады. Құрбан шалынып жатқанда мынаны оқы: "Сөзсіз менің намазым да, құлшылығым да, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббысы Аллаһ тағала үшін!", – деп кеңес еткен.

Құрбандыққа атаған малым жоғалды, не істеймін?

Арнайы құрбан үшін атаған малы өліп қалса немесе жоғалып кетсе, мал иесінің жағдайына қараймыз: мал иесінің жағдайы төмен болса, әлгінің орнына басқасын шалуына міндетті емес. Ал, бақуатты болса орнына басқа мал шалуы шарт.

Қарызға ақша алып, құрбандық шалуға бола ма?

Шариғатта тұрмысы төмен кісілерге құрбандық шалу міндеттелмейді. Қарызданып-қауғаланып болса да, құрбандық шалсын деген үкім жоқ. Дегенмен, сауап үшін қарызға ақша алып оған құрбандық шалатын болсаңыз, оның еш ағаттығы болмайды.

Құрбанға шалынған малдың терісін сатуға бола ма?

Құрбанға шалынған малдың терісін садақа етіп берген абзал. Өңдеп үй қажеттілігіне де қолданса болады. Себебі, етін жеуге рұқсат етілген малдың, терісін қолдануға да рұқсат болуы заңды. Оның үстіне Айша анамыз құрбанға шалынған малдың терісінен мүтара(сиқа-سِقاء)жасап қолданатыны деректерде келген.

Бірақ, оны (құрбан терісін) ақшаға сату – мәкрүһ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у): "Кім құрбанынын терісін сатса, шалған құрбаны жоққа есеп", – деп теріні сатпауды баса айтуда. Дегенмен, түскен ақшаны садақа ету мақсатында теріні сатуына болады.

Құрбандық малын сатып аларда саудаласу күнә ма?

Құрбандыққа мал сатып алғанда, сатушымен саудаласуыңыздың шариғат бойынша ешбір ағаттығы жоқ. Маңыздысы – меңшігіңізге өткен, құрбандыққа жарамды малды сою.

Құрбан айт кезінде мал бағасы шамадан тыс шарықтап кететіндіктен сатушымен саудаласуға немесе арзандау жер іздеуге құқылысыз.

Құрбан малының қай ағзасы желінбейді?

Жалпы, еті адал малдардың мына ағзалары желінбейді: аққан қаны,аталық-аналық мүшелері, дорба бездері, қуығы, өті. Өйткені, Алла тағала Құранда: "..Жақсы нәрселерді олар үшін адал етіп, жек көрінішті жаман нәрселерді харам етті", – дей келе, таза азықпен азықтануымызды білдіріп тұр. Ал, жоғарыдағы ағзалар, жалпы алғанда, адам табиғаты ұнамсыз санайтын нәрселер. Сондықтан оларды жеу – харам.

Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыздан келген мүрсәл бір хадисте: "Алла Елшісі қойдың мына ағзаларын (харамға жақын) мәкрүһ санайтын: аталық-аналық мүшелерін, дорбасын, бездерін, өтін, қуығын, қанын" делінген.

Неге жылқы малы құрбандыққа шалынбайды?

Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының басты себебі – Алла тағаланың Құранда айтылған мына бұйрығы:

"Біз әрбір үмбет үшін, өздеріне берген жануарлардан: түйе, сиыр, қой және ешкіден, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Құдайларың – бір-ақ Құдай. Сондықтан Соған бой ұсыныңдар! (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр".

Осы аяттың арапша түпнұсқасында "бәһимәтул әнъам – بَهِيمَةِ الْأَنْعَامِ" сөз тіркесі ашық-айқын айтылған. Арапшада "бәһимә" сөзі – жануар, мал деген мағынаны білдірсе, ондағы "әнъам" сөзі арапшада төрт мал түрін қамтиды. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі. Бұл дегеніміз, аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек т.б. хайуандар – құрбандыққа жарамсыз деген сөз дейді ғалымдар. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.

Өйткені құрбандық шалу – намаз, зекет іспетті, Аллаға құлшылық етудің бір түрі. Ал құлшылыққа қатысты үкімдер көбіне аят және хадиспен бекітіледі. Аятта білдірілген үкім егер ешбір болжамды керек еттірмейтіндей ашық-анық келген болса, бұлжытпай сөзбе-сөз орындалуы тиіс. Одан артық немесе кем ешкім үкім баян етуіне құқы жоқ. Жылқы малының құрбандыққа шалынбауының төркіні осында жатыр. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

Қасапшыға қандай талаптар қойылады?

  • мұсылман болу;
  • кәмелетке толған, психикалық және физикалық сау болу;
  • мал союды жақсы меңгеру;
  • санитарлық талаптарды сақтау;
  • малды бауыздау алдында "Бисмилләһи Аллаһу Акбар" деп айту;
  • құрбан шалуға өкілдік берілмей малды бауыздамау;
  • пышақты малдың алдында қайрамау;
  • сойылатын жерге малды қинамай апару;
  • малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызу;
  • екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлау;
  • пышақты тартып бірден өңеш, кеңірдек және екі күретамырын кесу;
  • малды өтпейтін пышақпен бауыздамау;
  • бір малдың көзінше басқа бір малды бауыздамау;
  • малдың қаны толық аққанын және жаны шыққанын күту;
  • жаны шықпастан терісін сыпырып алмау;
  • сойылған малдың терісі мен ішек-қарнын аяқ асты етпей барынша қолдану шарт.

Арапа күні

Арапа – күллі мұсылман жұртының мейрамы Құрбан айттың алдындағы күн. Яғни, 2024 жылы 15 маусымға тура келіп тұр. Ал, 16 маусым Құрбан айт мерекесі.

Арапа күнінде ұсталатын ораза...

Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): "...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін..." , – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда.

Тағы бір хадисінде: "Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға...", – деген.

Арапа күні оқылатын дұға

Пайғамбарымыз: "Арапа – артықшылығы мол күн. Ол артықшылығы жағынан қасиетті жұма күніне ұқсас. Ол жұмадан басқа күні жасалған жетпіс қажылықтан артық.

Дұғалардың ең жақсысы да – арапа күні жасалған дұға", - деген. Сондықтан Арапа күні алақан жайып Алладан өзіңізге, отбасыңызға, ел-жұртыңызға амандық тілеп, жәрдем сұраған жөн.

Бұдан бөлек Арапа күні таң намазынан бастап Құрбан айттың төртінші күні екінті намазына дейінгі 23 намазда барлық адам парыз намаздардан кейін сәлем бере сала "Аллаһуммә әнтәссәлам..." дұғасын оқымай тұрып, уәжіп болған тәшриқ тәкбір дұғасын оқуы керек. Әйелдер дауысын шығармай, ішінен оқиды. Парыз намаздарынан басқа айт және жұма намаздарынан кейін де оқылады.

Тәшриқ тәкбірі: "Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уә лилләһил-хамд".

Арапа күні әр мұсылман шаңырағында Құрбан айтқа қызу дайындық басталады. Бауырсақ, шелпек пісіріп, дәмді тағамдар әзірленеді. Мол дастархан жайылып, қонақ күтуге дайындалады. Үйдің іші-сыртын тазалап, ретке келтіреді. Адамдар әдемі, жаңа киімдерін киіп, ұлық мейрам – Құрбан айттың келгеніне ерекше шаттанып қуанады.

ҚМДБ мәліметінше биыл, 7 маусымда һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 15 маусымға сәйкес келеді. 16 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні. Ал бұған дейін, күнтізбе бойынша 2024 жылы Құрбан айт 17 маусым, дүйсенбіге сәйкес келеді және бұл күн демалыс күні болады деп айтылған. Құрбан айт намазының еліміз бойынша кестесін мына жерден оқи аласыз. Сондай-ақ, 16 маусым күні мерекеге орай Астанада қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды. Ал, 12 маусымда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерден Құрбан айтта құрбан малдың бағасын қолдан көтермеуді сұрады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: