Қазақстанда электронды төлем жасағандарға ақшаның бір бөлігі қайтарылмақ

«Дұрыс» төлемдерді ынталандырып, транзакциялардың ашықтығын арттыру мақсатында министрлік сатып алушыларға белгілі бір процентті қайтаруды ұсынып отыр.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Бекешев электронды сауда қызметін реттеу бойынша жоспарланған өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, «дұрыс» төлемдерді ынталандырып, транзакциялардың ашықтығын арттыру мақсатында министрлік сатып алушыларға белгілі бір процентті қайтаруды ұсынып отыр.

«Біз cash-back тәсілін қолдануды ұсынамыз. Электронды түрде транзакция жасаған адамдарға ҚҚС-тан (қосымша құн салығы) немесе сатып алу құнынан белгілі бір проценттің қайтарылғанын қалаймыз. Мемлекеттік кірістер комитетімен уағдаластық бойынша бұл жобаны Астананың коммуналдық нарығында жүзеге асырып көргіміз келеді. Бақылау-кассалық аппараттарын қолдану міндеттелген», - деді Бауыржан Бекешев ведомствоаралық комиссия отырысында.

Оның айтуынша, әрбір қазақстандық чек талап етуі тиіс және барлық сауда кәсіпорындары бақылау-кассалық аппаратын қолдануы қажет.

«Сатып алушылардың электронды саудаға ынтасын арттыру үшін осындай әдісті енгізгіміз келеді. Бақылау-кассалық аппаратынан, онлайн-транзакциядан өткен сатып алу сомасының бір бөлігі қайтарылады. Бірыңғай төлем жүйесі ешқандай банкке жүгінбей-ақ, транзакциялар мен төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оған барлық банк тіркеледі және кез келген уақытта бірыңғай жүйе арқылы төлем жасауға болады. Мұның барлығы сіздің бизнес-сәйкестендіру нөміріңіз немесе тұлғалық есепшотыңыз бойынша есепке алынады», - деді Бекешев.

Сонымен бірге, вице-министр Ұлттық банктің бірыңғай төлем жүйесінің мобильдік қосымшасын әзірлеп жатқанын еске салды.

«Біз адами факторды барынша азайтуға тырысамыз. Барлығы бұл тұжырымдаманы қалай әзірлейтінімізге және онымен жұмыс істейтін адамдарға байланысты», - деп толықтырды сөзін министр басшысының орынбасары.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: