Павлодарда заңсыз 19 түп ағаш кешкен «Хаги-Павлодар» ЖШС 95 ағаш отырғызатын болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 20-наурыз күні Кутузов көшесі, 41 мекенжайы бойынша орналасқан «Артур» СҮ аумағында заңсыз сегіз түп қарағай мен 11 түп қайың ағашы кесілген.
- Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша тиісті шаралар қолданып, «Хаги-Павлодар» ЖШС әкімшілігі ҚРӘҚБтК 505-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 40 АЕК (96200 теңге) көлемінде айыппұл салынды, - дейді Павлодар ІІБ ЖПҚ басшысы Арман Қаптаев.
ҚР Ұлттық Экономика министрінің 2015 жылғы 20-наурыздағы № 235 жасыл екпелерді қорғау және сақтау туралы бекіткен бұйрығының ережелеріне сәйкес, жасыл екпелерді заңсыз кесу кезінде бес есе еселенген өтемақы мөлшері белгіленеді.
- Әрбір заңсыз кесілген ағаш үшін аталмыш ұйым бес ағаш отырғызып, оған екі жыл мерзімінде күтім жасауы қажет, - деді қалалық ТҮКШ бөлімінде.