Талғардағы жантүршігерлік қылмысқа қатысты жаңа деректер пайда болды. Интернатта тәрбиеленетін 8 жасар мүгедек баланы өлтірді деп айыпталып жатқан күтуші әйел өзіне тағылған айыпты толық мойындапты, деп хабарлайды Sn.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, ол кішкентай баланы жаялықпен тұншықтырып өлтірген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 29 жастағы әйел 21 наурызда түнгі ауысымда жұмыс істеген. Ол екі баланы ұйықтата алмай қойыпты. Олардың бірі кереуетте секіріп, ойнағысы келген екен. Жүйкесі сыр берген әйел оны ұрып, жаялықпен буындырып тастаған. Марқұм 17 наурызда 8 жасқа толыпты.
Әйел 24 наурызда ұсталған. Осы күні оған айып тағылып, кешкі 21:20-да қамауға алынғаны белгілі болып отыр. Қазір ол қылмыстық атқару жүйесінің ЛА-155/18 мекемесінде отыр. Алматы облысының соты бұған дейін күтушінің 2 айға қамауға алынғанын мәлімдеген болатын.