Білім мен ғылымның іргелі ордасының ажарын ашқан айшықты күн. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының баспасөз орталығының жетекшісі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Астананың 20-жылдығына орайластырылған салтанатты жиын аясында оқу орнының «Ақ шатыр» жазғы алаңына жиналған көпшілік назарына университеттің өнер ұжымдары мен жекелей орындаушылары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Сонымен қатар, музыкалық-хореографиялық этно-модерн қойылымына Қазақстанның белгілі өнер тарландары мен сахна өнерінің жас таланттары да қатысты. Олардың қатарында Сәкен Майғазиев, Секен Тұрысбек, Гүлнар Сиқымбаева, Ұлбосын Белғозиева, Көркем Сейсенбек, Сандуғаш Стамғазиева, Гүлшат Тәкежанова, Айгүл Қосанова сынды мәдениет майталмандары бар. Сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерінен сыр шертетін музыкамен әрленген театрландырылған көрініс те мереке ажарын айшықтай түсті.
Сахна шымылдығы «Ұлар» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің орындауындағы «Наурыз» әнімен ашылды. Қыздар Университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова жұртшылықты ұлтымыздың ұлық мерекесімен құттықтап, бұл мейрам ұрпақтар сабақтастығының жəне халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дəстүрі мен мəдениетінің символына айналғанын айтты.
– Айбыны асқақ Астананың 20 жылдық мерейтойына орай көзіқарақты көпшілік қауым «ұстаздар ұстаханасы» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұйымдастырылып отырған «әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың бастауы» атты мерекелік жиынға қош келдіңіздер! Наурызды ұлықтау – халқымыздың салты мен дәстүрін жаңғырту деп білеміз. Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық кодты сақтаумен астасып жатқан дүние. Өйткені, ұлттық код – рухани болмыстың өзегі. Біз бүгін егемендіктің екінші мүшеліне аяқ бастық. Бұл айшықты кезең еліміздің өзіндік дара жол таңдап, берік берекенің белесіне беттегенін дәлелдеп берді. Әрбір азаматын бауыр еті баласындай бауырына басқан Отанымыздың гүлденуіне жол ашты. Халқымыздың атын әлемге әйгілеп, мәртебесін өсірді. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы шаңырақтарыңызға шаттық пен несібе әкелсін! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ пен береке тілеймін, – деді Гаухар Төремұратқызы.
Сондай-ақ, мерекелік шараға арнайы қонақ ретінде қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева, Almaty Management University ректоры Гүлмира Қорғанбаева, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының директоры Асхат Маемиров, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Дәлел Уәш Қыздар Университетінің ұжымын Наурыз мейрамымен құттықтады.
«Мемлекет болашағының кілті – қазіргі жаңа технологияларды жете меңгерген, сонымен қатар түп-тамырынан ажырамаған, салты мен дәстүрін, тарихын білетін білімді де білікті азаматтардың қолында. Осы орайда Ұлыстың ұлы күні – нағыз салт-дәстүрімізді дәріптейтін, ұлттық нақышымызды насихаттайтын өрелі де, өнегесі мол мейрам. Жыл басы құтты болсын,» – десті сөз алғандар.
Мерекелік іс-шараның екінші бөлімінде университет алаңында жалғасын тапты. Мұнда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, факультеттер түбі бір түркі халықтарының ас мәзірін дайындап, өнерлерін көрсетіп, өзара сайысқа түсті. Атап айтқанда, Физика-математика факультеті қырғыз, Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті әзірбайжан, Жаратылыстану факультеті түрік, Өнер және мәдениет факультеті ұйғыр, Педагогика-психология факультеті түркімен, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті татар, Шаруашылық басқармасы қазақ және университет әкімшілігі өзбек ұлттарының бейнесінде халықтардың өзіндік бедерін сомдады. Бір бұл ғана емес. Мұнда декоративті-қолданбалы шығармашылық көрме жəне ұлттық спорт сайыстары да ұйымдастырылды.
Қыздар Университетіндегі Ұлыстың ұлы күнін тойлауға Алматы қаласындағы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келді. Мерекелік шарада студенттер мен қонақтарға наурызкөже және басқа да ұлттық тағамдар таратылды. Киіз үй үлгісінде арнайы дайындалған сахнада Халықаралық және республикалық өнер байқауларының лауреаты «Томирис» би ансамблі, «Музарт Life», «Айгүл», «Вокс акапелла», «Ару» топтары, «Қыздар» квартеті және Көңілді тапқырлар командасының қатысуымен өткен гала-концерт көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Осылайша Наурыз мейрамы тағылым мен тәрбиенің қарашаңырағы Қыздар Университетінде өзінің сән-салтанатымен және ерекше тартымдылығымен көпшілікті тәнті етті.