Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Шопа ауылының айналасын су басып, тұрғындардың жұртпен байланысы үзілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
35 үйі бар Шопа ауылы биіктеу жерде орналасқан. Бүгінде ауылдың айналасын су басып кеткен. Талды және Шопа өзенінің жылда көктемде тасуы жергілікті тұрғындарды әбігерге салады. Шопалықтар азық түлікті көпір арқылы өтіп, көрші ауылдан тасиды. Алайда көпір шеті сынайын деп тұрғандықтан қазір ол жерден өту қауіпті. Сондай-ақ Шопада мектеп жоқ, мұндағы балалар көрші ауылға қатынап оқиды. Өзен суы көтерілгелі бері ата-аналар балаларын сабаққа жібермей отыр.
«Жылда осы мәселені айтамыз, өтетін көпірдің түрі мынау адам құлап жазым болады ғой. Тамағымызды қалай жеткіземіз балалар қалай сабаққа барады. Бұған ешкімнің басы қатып жатқан жоқ»,-деді Шопа ауылының тұрғыны Жібек Рахымбекова.
Бүгінде жергілікті билік ауылға апаратын жолдың 3 шақырымын «қауіпті» деп жауып тастаған. Көліктерді өткізбеген соң бірнеше күн бойы аш қалған жұрт үш шақырым жерді жаяу жүріп, азық-түліктерін арқалап тасуда. Жергілікті билік болса көпірдің апатты екенін әрі оның жуық арада жөнделе қоймайтынын мәлімдеп отыр.
«Бұл көпір халықтың өтуіне арналмаған, стансы қызметкерлеріне өзен суы деңгейін өлшеп тұруға арналған аспалы көпір, ол біздің иелігімізде емес, сондықтан оған қаржы бөліп жөндей алмаймыз», - деп мәлімдеді Шет ауданы әкімінің орынбасары Мұхит Мұхтаров.
Санда бар, санатта жоқ болып қалған Шопа ауылының өзі былтырғы жылы ғана картаған енгізіліпті. Шенеуніктер жол салу жағын енді қарастырамыз деп отыр.
Бұқар жырау ауданына қарасты Астаховка стансысы тұрғындары да ауылға кіретін жолды судың шайып кеткенін мәлімдеді. Станциядан көлік шыға алмай тұрғындар әбігерге түсуде. Бұл өңірге тек поезбен ғана баруға болады.