Бас прокуратура миллиардтаған қаржы ұрлады деген күдікпен «Samsung Electronics» компаниясының бұрынғы қызметкерін АҚШ-тан Қазақстанға қайтару бойынша шаралар қабылдады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Аталған компанияның бұрынғы қызметкері Т.Ж.Наурызбаевты елге қайтару Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен АҚШ Әділет департаментінің Тергеу федералды бюросы арасындағы ынтымақтастығының нәтижесінде мүмкін болды. Т.Ж.Наурызбаев 4 млн астам долларды қолды қылған», - деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, тараптардың үйлесімді жұмысының арқасында жәбірленуші компанияға қаражатының көп бөлігі - 2,7 млн АҚШ доллар өндірілді.
Атап өтсек, өткен жылдың соңында Наурызбаев Қазақстанға АҚШ-тан депортацияланды. Ол биылғы жылдың ақпан айында Медеу аудандық сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.